Қай кезде де көмекке зәру адамға мейірбандық танытып, ағайын-туыс, ауыл жұрты қолындағы барымен бөлісетін. Осындай асыл қасиетті ту еткен Кенен ауылының тұрғындары бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешіп келеді.
Ауыл жұрты ортаға қаржы жинап, мешітке асхана, орталық алаңда сахна, спортпен шұғылданатын алаң және сол сияқты қараша халыққа қажеттінің біразын жасап қойды. Сонымен қатар, кенендіктер көмекке мұқтаж отбасыларға қамқорлық жасауды да ұмытпайды. Биыл қайырымдылықты жанымен сүйетін жастар қауымы Сайлаукүл Малайсариева есімді азаматшаға қолдау көрсетуді шешті. Сайлаукүл әжей бірінші топтағы мүгедек, зағип жан. Оған қолындағы жалғыз қызы қарайласып, бірге тұрады. Олар тұратын қирауға сәл қалған үйдің жанынан биыл ауыл жастары жаңа үй салуды қолға алған болатын. Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталып, міне желтоқсан айында жаңа үйдің кілті салтанатты түрде табысталды. Ауыл жастары зағип ананың жағдайын жақсы білгендіктен, іргетасынан шатырына дейінгі жұмысты мұқият жүргізіп, көгілдір отын мен суын кіргізіп, үй ішін жаңа жиһазбен толтырып берді.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, ауыл тұрғындары қатысты. Аудан әкімінің құттықтауын жеткізген Дамира Маратқызының ізгі тілектерінен кейін ауыл ақсақалдары Оңғар Алдасүгіров, Думан Тоқтыров және ауыл тұрғыны Асхат Мақсұтов сөз сөйлеп, асарға үлесін қосқан әр азаматқа алғыстарын айтты. Сонымен қатар, қайырымдылық істерде белсенділік танытып жүрген Нұрбек Елібаевқа және Бекен Алпаровқа аудан әкімінің Алғыс хаты ұсынылды.
Қайырымдылық іске ауылдың жомарт азаматтары атсалысты. «Адамның жақсысы – жомарт», дегендей сауапты іске атсалысқан әрбір азаматтың отбасына амандық, істеріне табыс тіледі жиналған қауым.