Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, ол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады. Осы орайда, ауданымызда мәдениет саласына айтарлықтай көңіл бөлініп, Үлкен Сұлутөр ауылында 90 орындық мәдениет ошағы бой көтермек.
Бір қабаттан тұратын ғимараттың құрылысы аяқталса, ауыл тұрғындарының түрлі мәдени шараларын өткізуге қызмет жасамақ. Келер жылы ауыл өнерпаздары заманауи нысанда шығармашылығын шыңдайды деп күтілуде. Айта кетейік, аталмыш ауылдың бұрынғы мәдениет үйі жарамсыз күйге түскеніне біршама уақыт өткен болатын. Ұйымшылдығы өз алдына, береке-бірлігі жарасқан тұрғындар салт-дәстүрімізге негіз-делген игі шаралар өткізіп тұруға мүдделі еді. Алайда, олай болғанымен өнер тоқтамайды. Өмір айнасы болған соң ол жарыққа шықпай тұра алмайды. Олай дейтініміз, мәдени шаралардың өзі – өмірдің бір бөлшегі және ұрпаққа берер тәрбие. Елде мәдениет өркендеп, шығармашыл жастар өсіп келеді. Сондықтан оларға қолайлы жағдай туғызу шаралары жүзеге асырылып, аудан әкімдігінің сәулет қала құрылыс және құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша жүйелі жұмысты жобаның бас мердігері «Астанаэнергомастер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бастап кеткен. Еске сала кетейік, аудан басшысы Бегзат Болатбеков Үлкен Сұлутөр ауылына арнайы ат басын бұрып, тұрғындармен кездескенде жергілікті халық көптеген мәселелерді көтерген. Ол мәселелердің негізгілерінің бірі – мәдениет үйін салудың қажеттілігі еді. Халық өтінішін назарға алған аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстар жедел қолға алынатынын жеткізген болатын.
Халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнер шоқтығында жатыр. Ауданымыздағы мәдениет пен өнерді дамыту саласында атқарылып жатқан игі істер – ұлттық дәстүрді дамыту, өнерді өнеге тұтқан елдің рухани дүниесін байыту мақсаттарын көздейді. Осы ретте ауыл төрінде мәдениет саласының дамуына айырықша ықпал ететін аталған нысан шығармашыл ағайын мен келешекте қызмет жасайтын мәдениет саласы мамандарына тамаша тарту болмақ.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ