ҚАРАСАЙДА ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ АШЫЛДЫ

0

Кез-келген халықтың өзіндік бітімін даралап, мінезін айқындап, рухани деңгейін өлшейтін құралдың бірі – ұлт мәдениеті. Ал, сол мәдениетті шыңдауда рухани-мәдени іс-шаралардың орны болады. Соңғы жылдары Қордай ауданында рухани-мәдени іс-шараларды өткізуге арналған мәдениет үйлерін салуға үлкен көңіл бөлініп келеді. Соның бір айғағы ретінде Қарасай ауылында 180 орындық мәдениет үйі бой көтеріп, ҚР Тәуелсіздігі мерекесіне орай ашылды.

Ашылу салтанатына аудан әкімі Бегзат Болатбеков, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл тұрғындары, алыс-жақыннан келген өзге де қонақтар қатысты. Салтанатты іс-шарада шалғай ауылда осындай мәдениет ошағының ашылуына көп алғыс айтылды. Себебі, осы округте мәдениет үйін салу туралы мәселе көптен бері көтеріліп келген болатын. Ауыл тұрғындарының қуанышына орай, енді балақайлардың неше түрлі үйірмелерге қатысып бос уақытын тиімді пайдалануға керемет мүмкіндік туды. Сонымен қатар, осы жерде әртүрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастыруға да болады.

Ашылу салтанатында алғысөзді сөйлеген Бегзат Болатбеков жиналған қауымды өткен мерекемен құттықтады.

— Жаңа Мәдениет үйінде ауыл тұрғындарына шығармашылықпен айналысуға, ұлттық өнерімізді дамытуға, жаңа буынды тәрбиелеуге жақсы жағдай жасалады деп сенемін. Әсіресе жастарымыздың бос уақытын тиімді өткізіп, таланттарын шыңдайтын орынға айналса екен деген үлкен үмітіміз бар. Қарасай ауылының жаңа Мәдениет үйі ел игілігіне қызмет етіп, өнер мен мәдениеттің ордасына айналсын. Баршаңызға зор денсаулық, береке-бірлік, амандық тілеймін! – деді аудан әкімі өз сөзінде.

Осыдан кейін ауылдық округ ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жұмабек Тоқаев батасын беріп, жаңа нысанның лентасы қиылды.

— Бүгінгі қуанышымызда шек жоқ. Шалғай ауылдың мәдени өміріне серпін беретін осындай маңызды нысанның ашылуы – біз үшін үлкен жетістік. Ұлтымыздың салт-дәс-түрі, рухани құндылықтары осы ордада жаңғырып, халыққа қызмет етеді деп сенемін. Ауылымыздың дамуына қолдау көрсетіп, осындай игі істерді атқарып жатқан азаматтарға ауыл ақсақалдарының атынан шын жүректен алғысымды білдіремін. Қашанда бірлігіміз бекем, тірлігіміз берекелі болсын! – деп ауыл ақсақалы Тоқаев Жұмабек жүрекжарды тілегін жеткізді.

Жиналған қауым ғимарат ішімен танысып, жергілікті өнерпаздардың ұйымдастырған концерттік бағдар-ламаны тамашалады. Мәдениет үйінде кітапхана, IT кабинеті бар, сондай-ақ, би, вокал, қолөнер үйірмелері жұмысын бастайды.

Мәдениет үйінің ашылу салтанатына келген қонақтардың арасында өз сыйлығын алып келгендер де болды. Мысалы, аудандық мәслихат депутаты Жайық Манасбаев 100 түп шырша көшетін тарту етті. Айта кету керек, құрылыс жұмысын «Центр Снаб Сервис» ЖШС атқарған болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.