ШАЛҒАЙ АУЫЛ ШАПАҒАТҚА БӨЛЕНДІ

0

Президент Қ.Тоқаевтың 2025 жылға дейін ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамту тапсырмасын орындау – Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды бағыттарының бірі. Осыдан бірнеше жыл бұрын ең өзекті болған мәселе – сапалы ауыз сумен қамту бүгінде біртіндеп шешімін тауып келеді. Ауданның шалғай ауылдарында да жаңа сумен қамту жүйелері салынып, қолданысқа берілуде.

Сейсенбі күні Бетқайнар ауылдық округіне қарасты Соғанды ауылында жаңа сумен қамту жүйесі іске қосылды. Мұндай жағымды жаңалықты ауыл тұрғындары көптен күткен болатын. Ашылу салтанаты ұйымдастырылып, ауыл жұрты жиналып, қуанышты жағдайды атап өтті. Іс-шараға аудан әкімі Бегзат Болатбеков келіп, соғандылықтарды құттықтады.

— Ұлттық жоба аясында Қордай ауданына 5,5 млрд теңге бөлініп, Ноғайбай, Отар, Қайнар, Степное, Қарасу және Қордай ауылдарында жаңа ауыз су жүйесі қолданысқа берілді. Сонымен қатар, бүгінде Бәйтерек, Шарбақты, Күнбатыс-2, Еңбек, Сарыбұлақ ауылдарында да құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Міне, бүгін Соғанды ауылында тіршілік көзімен қамтитын жаңа нысан ашылды. Бүгінгі қуанышымыз баршаңызға құтты болсын. Жаңа су құбыры ауылға береке мен игілігін әкелсін, – деді аудан әкімі.

Ауыл ақсақалы Жеңісхан Бегімбетов осындай игілікті істі атқарған барша азаматтарға алғысын айтты.

— Соңғы жылдары біздің ауылға көп көңіл бөлінуде. Жаңа мектеп бой көтерді, жолымыз жөнделді, ұялы байланыс пен Интернет пайда болды. Енді сапалы ауыз су қолданатын болдық. Бұрында суды өзеннен тасып пайдаланушы едік. Осы ретте Президентке, облыс және аудан әкімдеріне алғыс айтамын, – деді қария.

Ашылу лентасы қиылғаннан кейін ауыл жұртына жаңа нысан таныстырылды. Бұл жерде 55 метр тереңдіктегі 2 ұңғымадан алынатын су 200 текше метрлік 2 резервуарға жиналады. Су заманауи технологиямен залалсыздандырылады. Нысанның үздіксіз жұмысы үшін дизельдік генератор да қарастырылған. Жұмысты мердігер «Qaz Line Construction» ЖШС-і сапалы түрде атқарды. Келесі кезекте сумен қамту жүйесі «Қордай су» КММ-не өтіп, ауылдағы 71 абонентке су жеткізілетін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.