«Рәміздерге бақылауды күшейту қажет»

0

Сәрсенбі күні аудан әкімдігі жанындағы Мемлекеттік Рәміздер жөніндегі комиссиясының ІI отырысы өтті. Комиссия төрайымы Дамира Сүгірбайдың төрағалығымен өткен жиынға бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты.

Отырыс барысында үш негізгі мәселе талқыланды. Алғашқы мәселе бойынша, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Таңат Қабылтай баяндама жасап, рәміздерді пайдалану мен қолдану барысын зерделеу кезінде анықталған кемшіліктер туралы айтты. Ағымдағы жылдың 22 қарашасында Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының өкілі Қ.Жылқыбеков ауданға жүргізген тексерістің нәтижесінде үш негізгі кемшілік анықталған. Оның екеуі ретке келтірілгенімен, біреуі әлі шешімін таппаған.

«Атап айтқанда, Қордай ауданы білім бөлімінің ғимаратында сыртқы тудың тозығы жетіп сөгітілгені анықталып кемшіліктері әлі жойылған жоқ. №26 Жамбыл Жабаев атындағы орта мектебі ғимаратының сыртында орналасқан Тудың шеті сөгілгені анықталып, қазіргі таңда кемшіліктер жойылды.  №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицей КММ-ң сыртқы тудың тозығы жетіп, кемшіліктер жойылды.  Ал ішкі саясат бөлімінің зерделеу жұмыстарының нәтижесіне тоқталып өтетін болсақ, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі ғимаратындағы Елтаңбалардың тозғаны анықталып, әлі жөнделмеген. «Бәйтерек» балабақшасының ту сабының бояуы кеткені анықталып, сол күні қалпына келтірілген. Қарасу ауылындағы №7 мектеп ғимаратындағы ішкі   мемлекеттік рәміздер орналасқан жерінде сыртқы тудың тұрғаны анықталып, кемшіліктер әлі жойылған жоқ, №1 Д.Қонаев атындағы мектепте де осындай кемшіліктер бар. Алға ауылдық округінің әкімдік ғимаратындағы ту қисайған, елтаңбасы тозған. Бірнеше мәселе шешілгенімен, сыртқы елтаңбаны ауыстыру қажет», — деп атап өтті баяндамашы.

Келесі кезекте Қордай ауылдық округінің әкімі Әділет Қаспақбаев баяндама жасап, Қордай ауылдық округінде Мемлекеттік Рәміздерді насихаттау, пайдалану және қолдану бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Ауыл әкімі баяндамасында округтегі мемлекеттік рәміздерге қатысты кемшіліктердің басым бөлігінің жойылғанын атап өтті. Жыл басынан бері жүргізілген үш тексеріс нәтижесінде рәміздер латын қарпіндегі жаңа жазуға сәйкес ауыстырылған.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Масаншы ауылдық округі әкімі Хусейн Буларовтың хабарламасы тыңдалды. Баяндамашы ішкі саясат бөлімі мамандарымен жүргізілген тексерулер бойынша ескертулер дер кезінде жойылғандығын жеткізді.

Отырысты қорытындылаған комиссия төрайымы Дамира Сүгірбай барлық мемлекеттік мекеме басшыларына рәміздердің қолданыстағы стандарттарға сәйкестігін қатаң бақылауды тапсырды. Ауылдық округ әкімдеріне елді мекендерде Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмыстарын тұрақты түрде өткізу жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.