Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл күшейе түсті

0

Әлемді қан қақсатқан қаржы пирамидалары біздің елдің де табалдырығын аттап, қанымызға қара таңба болып сіңе жаздап барып беті қайтты. Құзырлы органдардың табанды әрекеті мен жұрттың аяғын тартып басып, сауатын арттырғанының арқасында қаржы пирамидалары құрыққа түсе бастады. Оларды ұйымдастырушылардың алды сотталса, біразы шетел жағалап, елден бас сауғалай қашты. 

Пирамидалардан төнген қауіптің ауқымдылығы соншалық, бұл кеселмен күрес мәселесі Президентке дейін жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осыдан екі жыл бұрын Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде құқық қорғау органдарының әлеуетін алаяқтық, қаржылық пирамидалар құру, капитал мен ресурстарды шетелге заңсыз шығару фактілеріне барынша жұмылдыру қажеттігін айрықша атап өтті. Ал «Қаржы мониторингі агенттігі көлеңкелі экономикамен күресетін негізгі мемлекеттік органға айналуға тиіс», деген еді сол жиында Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы биылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет» деген бағытында цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтықтың көбеюіне әкеп соқтырып отырғанына тоқталды.

«Қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте «Amanat» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал биыл одан да көп адам қатысады», деді Президент.

Бұған қоса Мемлекет басшысы мектептерде, жоғары оқу орындарында қар-жылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажеттігін де тапсырды.

«Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді. Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс», деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы тапсырмасын шегелей түсті.

Осыған байланысты бүгінде Жолдаудан өзіне жүктеме алған құзырлы органдар әрекетсіз отырған жоқ деуге болады. Мәселен, жыл басынан бері ҚМА 20 млрд теңгеден аса шығыны бар қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері бойынша 68 қылмыстық істі тергеп, аяқтады. Қазіргі уақытта 13 млрд теңгеден аса қаражат өтелді.

Бұл туралы ҚМА мен Жоғары білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, еліміздің 100-ден аса жоғары оқу орындары үшін ұйымдастырылған құқықтық мәдениет және қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі вебинар барысында белгілі болды. Іс-шара «Тәртіпті өзіңнен баста!» эстафетасы аясында өткізілді.

Агенттікте алаяқтық жобалардың өмірлік циклін және оларға тартылған салымшылар санын қысқартуға бағытталған «Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл» арнайы жобасы енгізілді. Жоба аясында осы жылдың басынан бері интернет кеңістігінде 47 қаржы пирамидасы анықталды. Әлеуметтік желілерде оларға қатысты 300-ге жуық чат жабылды. Олардың шамамен 2 миллионға жуық қатысушысы – әлеуетті салымшылары болған.

Биыл әлеуметтік желілерді талдау нәтижесінде қаржы пирамидасы белгілері бар сайттарға қатысты 11,7 мыңнан аса сілтеме бұғатталды.

Осы орайда агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосылғанын айта кеткен жөн. ҚМА мамандары егер сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасының әрекетіне тап болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінуді сұрайды.

Жасұлан СЕЙІЛХАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.