Биыл Қазақстанда халықаралық деңгейдегі бірнеше жарыс өтеді. Ал отандық спортшылар әдеттегідей әлемнің әр қиырында өтетін дүбірлі додаларда бақ сынайды.
Ақпан айында Қытайдың Харбин қаласында өтетін IX қысқы Азия ойындарында Қазақстанның 139 спортшысы биатлон, шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және басқа да спорт түрлері бойынша бақ сынайды. Жарысқа 32 елден 1000-нан астам атлет қатысады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар отандық спортшылар биыл БАӘ-де өтетін II «Болашақ ойындарына» қатысады. Бұған дейін Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстан 2026 жылы дәстүрлі спорт пен киберспортты біріктіретін бірегей турнир – Phygital Games of the Future жарысын өткізу құқығына ие болған еді. Спорттық іс-шараны өткізу құқығы үшін Қазақстан, Перу, Чили мемлекеттері бақ сынаған болатын.
Сондай-ақ жерлестеріміз биыл бірнеше маңызды жарыстарда сынға түседі. Атап айтқанда, Эр-Риядтағы (Сауд Арабиясы) VI Ислам ынтымақтастық ойындары, Бакудегі (Әзербайжан) III ТМД ойындары, Чэндудегі (Қытай) XII Дүниежүзілік ойындарына қатысады.
Жалпы 2025 жылы отандық спортшылар 100-ден астам халықаралық және республикалық деңгейдегі спорттық турнирлер мен жарыстарға қатысады.