Бейсенбі күні Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінде «Тәртіпті өзіңнен баста» тақырыбында форум өтті.
Шараны Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрайымы, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай жүргізді. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов және мәслихат депутаттары, Қордай аудандық прокуратурасының аға прокуроры Сансызбай Сапарбекұлы, Қордай аудандық полиция бөлімі бастығы бірінші орынбасарының м.а. Олжас Мамыт, комиссия мүшелері, мектеп және колледж директорлары, білімгерлер мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты.
Форум модераторы қатысушыларды таныстырып өткен соң, алғашқы сөз аудан прокуратурасының аға прокуроры Сансызбай Сапарбекұлына берілді. Ол қоғамдағы тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтың алдын алу маңызды екенін атап өтті.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет жастарға нашақорлық, ойынқұмарлық, әлімжеттік сияқты зиянды әрекеттерден аулақ болуға шақырды. «Қордай ауданының ардагерлері ел бірлігі мен тұрақтылығын қолдайды. Бүгінгі форум әр азаматтың жауапкершілігін арттырып, қоғамдағы тәртіпті нығайтуға үлес қосады деп сенемін. Әрқайсымыз өз саламызда адал қызмет атқарып, өзгелерге үлгі болуымыз қажет», – деді ол.
Келесі сөз кезегін алған аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков жастардың қоғамдағы рөліне тоқталып: «Жастар – біздің болашағымыз. Елдің ертеңі сіздердің бүгінгі әрекеттеріңіз бен таңдауларыңызға байланыс-ты. Әр азамат заңды құрметтеп, адалдық пен тәртіпті өзінен бас-тауы керек», – деп, қатысушыларды жауапкершілікке шақырды.
Форум барысында жастарға арналған идеологиялық бейнероликтер, есірткіге қарсы, интернет-алаяқтық, жол-көлік оқиғаларына қатысты ақпараттық материалдар көрсетілді.
Сонымен қатар Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Айман Ашимова, «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Аида Намазова және Қордай ауданы білім бөлімінің тәрбие жұмысының әдіскері Ақмарал Қонбаева тәртіп пен қоғамдық тәрбиенің өзектілігін талқылап, қатысушылармен пікір алмасты.
Мәселен, колледж директоры Аида Намазова жастарға былай деп үндеу жасады:
«Әрдайым дұрыс жолды таңдаңыздар! Өмірде жеңіл, бірақ күмәнді жолдар кездесуі мүмкін. Олар қызықты болып көрінгенімен, көбінесе өкінішке әкеледі. Заңға бағыну, өзгелерге құрмет көрсету және өзіңізге адал болу – бұл тек сөз емес, сіздің абыройлы өмір сүруіңізге, дамуыңызға және болашағыңызға сенімділік береді».
Форум соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, жиын комиссия төрайымының қорытынды сөзімен аяқталды. Дамира Маратқызы форумның қоғам үшін өзектілігін атап өтіп, тәртіп орнату тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін баса айтты.