Өткен аптада аудан әкімдігінің ғимаратында Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2024 жылы атқарған жұмыстары мен 2025 жылы алда тұрған міндеттері туралы есептік кездесуі өткізілді.
Есеп беру жиынына аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асылбек Сырлыбаев, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2024 жылы атқарған жұмыстары мен 2025 жылы алда тұрған міндеттері туралы мәселесі күн тәртібінен көрініс тапты. Жиналыста алғашқы болып мінберге көтерілген Асылбек Төреханұлы атқарылған шаруаларды баяндауға көшті.
Оның айтуынша, аудан бойынша жалпы деңгейде 81 сайлау комиссияларында 543 комиссия мүшесі жұмыс атқарып келеді. Учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің 62 пайызы сайлау жүйесінде екі жылдан астам тәжірибесі бар азаматтарды құрайды. Белгілі болғандай, былтырғы жылғы нәтижелерге тоқталсақ аудандық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен, аудандық мәслихатының шығып қалған депутаттарының орнына сайлауалды әзірлеу мен өткізу кезеңінде 4 семинар, ал Алға, Қарасу, Қақпатас ауылдық округтерінің әкімдерін сайлауға дайындық кезеңінде 5 семинар өткізілген. Сонымен қатар, 2024 жылғы 6 қазанға тағайындалған республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізудің құқықтық негіздері бойынша қашықтықтан оқыту мен тестілеуден 433 мүше өтіп, арнайы сертификат алған. Онымен қоса, сайлау комиссияларының жұмысы бойынша «Қордай шамшырағы» газетінде 33 мақала, аудан әкімдігінің ресми парақшасында 44 хабарлама және аумақтық сайлау комиссиясының әлеуметтік желідегі парақшасына 58 материал жарияланған.
Келесі сөз кезегі аудан әкімінің орынбасарына ұсынылды.
«Бүгінгі күнге аудан халқының саны – 158 232 азаматты құраса, Сайлаушылар саны 89 877. Қазіргі таңда, аудан аумағында барлық кандидаттарға үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін 40 ақпараттық қалқа орындары сондай-ақ, сайлау өткізу кезеңінде кандидаттарға сайлаушылармен кездесу өткізу үшін шарттық негізде 33 үй-жайлар белгіленген. 2024 жылдың 6 қазанында республикалық референдум өтті. Аталмыш саяси науқанда дауыс берушілердің 62 468-і немесе 69,90% өз таңдауын жасады, заңбұзушылқтар тіркелген жоқ. Ауылдық округ әкімдерінің сайлауы бойынша айтатын болсам, 2024 жылы ауданға қарасты Алға, Қарасу, Қақпатас ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімдері аяқталуына байланысты сайламалы негізде тағайындалды. Сонымен қатар ағымдағы жылы Сортөбе, Қаракемер, Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр, Бетқайнар ауылдық округі әкімдерінің өкілеттілігі аяқталуына байланысты сайлауы өтеді. Жұмыстар тұрақты бақылауда», — деді Дамира Маратқызы өз баяндамасында.
Шара барысында аудандағы сайлау жұмысының барысымен танысқан Серғали Өмірзақұлы бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсіп, сайлаудың ашықтығын қамтамасыз етуге, алдағы саяси науқандарға аса жауапкершілікпен қарап, бірлесе жұмыстар істей отырып, жауаптыларға берілген міндеттерді дұрыс атқаруды тапсырды.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ