ҰЛТТЫҚ ҚОР: МЕЖЕ МЕН МҮМКІНДІК

0

Ұлттық қор – ел болашағының қаржылық іргетасы. Былтыр сәуірде Ұлттық банк 2030 жылға дейінгі тұжырымдаманы жариялап, сол уақытқа дейін Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға жеткізу мақсатын көздеген болатын. Сол межеге жетуге бес-ақ жыл қалды, ал бүгінгі ахуалдан мұндай биікке көтерілу жолы бұлыңғыр көрінеді.

 

Әлеуметтік-экономикалық даму  болжамына сәйкес мұнай бағасы барреліне 75 доллар шамасында болса, Ұлттық қорға түсімдер 2025 жылы 5,8 трлн теңгеден 2027 жылы 6,7 трлн теңгеге дейін өседі. Бірақ осы баға тұрақты сақталады дегенге кім кепіл? Әлемдік нарықтың тұрақсыздығы, АҚШ-тың мұнай бағасын төмендетуге деген ұмтылысы мен қара алтынның жыл сайынғы құнының мардымсыз өсуі бұл болжамдарды күмән астына алады. Халықаралық валюта қорының дерегіне сүйенсек, 2024–2025 жылдары әлемдік экономиканың өсу қарқыны 3,2–3,3% белгісіне жақын тұрақтап, кейінгі үш жылда алғаш рет төмендемеді.

АҚШ пен Еуроодақтағы инфляцияның 2%-дық нысанаға жақындауы осы елдердегі ақша-кредит саясатын одан әрі қалыпқа келтіруге жағдай жасайды. Осының бәрі Қытайдың бюджет шығындарын ұлғайту жоспарларымен үйлескенде, биылғы жаһандық экономикалық белсенділік арта түспек. Алайда Ақүйдің жаңа әкімшілігі келгеннен кейін әлемдегі ең ірі экономикалар мен мүмкін болатын геосаяси өзгерістер арасындағы сауда қатынастарының болашағына қатысты айтарлықтай белгісіздік те бар. Жалпы, экономика елең-алаң заманға тап келіп тұр.

Былтыр қорға жалпы 8,8 трлн теңге түссе, соның 5,6 трлн теңгесін алып қойдық. Оның 2-еуі кепілдендірілген трансферт ретінде, 3,6 трлн теңгесі мақсатты трансферт ретінде алынған. Басқару мен аудит шығындарына 21,5 млрд теңге жұмсалған. Алғашқыда 2024 жылға арналған бюджетте мақсатты трансферт көлемі 1,6 трлн теңге деп белгіленген еді. Бірақ жыл соңына қарай бюджет тапшылығының артуына байланысты Үкімет қосымша 2 трлн теңге сұрап, трансферт көлемін 3,6 трлн теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Келер күнге деп жинап жатқан ақшаның жартысынан көбі жаратылып кетті. Сөйтіп, қорымыз бір жылда 3 трлн теңгеге ғана өсті. Демек былтырғы қаңтарда қоржынымызда 29,8 трлн теңге болса, қазір 33 трлн теңгеден сәл асыңқырап тұр. Бұл ақпаратты Қаржы министрлігінің Ұлттық қор түсімдеріне қатысты есебінен алып отырмыз. 2024 жылы жалпы 8,82 трлн теңге түскен. Оның ішінде 3,8 трлн теңге – мұнай секторының салықтарынан, 4,98 трлн теңге инвестициялық кірістен (қордың активтері әртүрлі құнды қағаздарға және басқа құралдарға инвестицияланған) жиналған.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық қор алпауыт екі компанияның арқасында, дәлірек айтсақ, акцияларынан едәуір табыс тапқанын айтқан-тұғын. Былтыр 1,3 трлн теңгеге сатып алынған «ҚазМұнайГаз» акциялары 400 млрд теңге кіріс әкелсе, «Қазатомөнеркәсіптің» 467 млрд теңгеге сатып алынған акциялары бүгінде 600 млрд теңгеге бағаланып отыр. Осылайша, қор 500 млрд теңгеден астам пайда тапты. Бірақ бұл табысты көріп, көңіл тоғая қоймайды. Өйткені Ұлттық қор қаражатының қозғалысы әлі де теріс теңгерімде.

Үкімет 2025 жылы Ұлттық қордан 2 трлн теңге кепілдендірілген трансферт ретінде, 3,25 трлн теңге мақсатты трансферт алуды жоспарлайды. Тек 2026 жылдан бастап мақсатты трансферттерден бас тарту көзделеді. Жақында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді. Оны іске асыру, әрине, жобада көрсетілгендей толық көлемде өтсе, сектордағы революцияның бір түрі болуы мүмкін. Өйткені жоба аясында тозығы жеткен инженерлік инфрақұрылым түгелге жуық жаңартылмақ. Жоба барысында 86 мың шақырым желі жаңартылып, тозу деңгейі 2030 жылға дейін 40%-ға дейін төмендетіледі. Құны – 15 трлн теңге, оның 1,4 трлн теңгесі бюджеттен, қалғаны – сыртқы көздерден. Қаржыландыруға Ұлттық қор мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаражаты тартылып, төмен пайыздық несиеге субсидия беріледі. Ұлттық банк мәліметіне сүйенсек, былтыр желтоқсанда қордан республикалық бюджеттің трансферттеріне деп 900 млн доллар сатылған. Ал биыл Үкіметтің республикалық бюджетке трансферт бөлу туралы алдын ала болжамды өтінімінде қаңтарда 750-ден 850 млн долларға дейінгі мөлшерде валюта сатылуы мүмкін.

«Ұлттық қордың сауда-саттықтағы үлесі 17% немесе күніне шамамен 43 млн доллар болды. Ұлттық банк Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізгенде нарықтағы бейтараптық қағидатты сақтайды», деп жазды бас банк мамандары.

Айтпақшы, бас банк өткен желтоқсан¬да валюталық интервенция жүргізген. Айдың қорытындысында валюта сату көлемі 307,6 млн долларды құрады. Қарапайым тілмен түсіндірейік. Бұл әрекет теңге бағамының шамадан тыс ауытқуын азайту мен нарықта тұрақтылықты сақтау мақсатында жасалды. Мұндай араласу «валюта интервенциясы» деп аталады. Қараша айында Ұлттық банк валюта нарығында 1 млрд доллар сатқан. Бұл үлкен көлемді теңге бағамын тұрақтандыруға қажет. Ал желтоқсанда интервенция көлемі айтарлықтай азайған. Бұл болса валюта нарығындағы жағдайдың біршама тынышталғанын көрсетеді. Бас банк валюта бағамының күрт құбылуы экономикалық тұрақсыздыққа алып келетінін түсінеді. Сондықтан теңге бағамын қолдау үшін шетел валютасын сату тиімді. Ол арқылы нарықтағы ұсыныс пен сұранысты реттейді. Мұндай шаралар теңгенің шамадан тыс әлсіреуіне жол бермейді.

Ұлттық қор – сандар мен активтердің ғана жиынтығы емес. Ол – халықтың үміті, ұрпақтың сенімі, мемлекеттің тұрақтылығы. Бірақ қазіргі қаржылық саясаттың бұл сенімді қаншалықты ақтайтыны белгісіз. Ертеңімізге жауапты бүгінгі шешімдерде көрегендік жетпесе, Ұлттық қор көздеген 100 млрд долларлық меженің елесі де алыста қала бермек.

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.