23 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы, яғни «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков аудан тұрғындарымен есепті кездесуі Қарасай ауылдық округінен бастау алды. Бұл, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының да бір көрінісі деп білген абзал. Яғни, халық үнін еститін Үкімет тұжырымдамасының бір парасы десек те болады. Өткен жылдары қарымды істер қолға алынып, бірқатар жақсы өзгерістер орын алған Қарасайдағы кездесу жаңадан ашылған мәдениет үйінде өтті.
Қарасайда жаңадан пайдалануға берілген мәдениет үйінде болған кездесу ауыл әкімі Күлжахан Елемесованың атқарылған жұмыстары туралы есеп беруінен бастау алды. Ауыл басшысының айтуынша былтыр 3300 тұрғыны бар округте бірқатар игі істер қолға алыныпты. Мәселен, 5 азамат мемлекеттен қайтарымсыз грантқа ие болса, Жастар тәжірибесі арқылы екі адам жұмысқа жолданған. Сонымен қатар ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған жандар жыл бойы жұмысын жалғастырған.
Былтыр Қарасайда балалар ойын алаңшасы, мәдениет үйі қолданысқа берілсе, жақында спорт кешені ашылған. Еңбек ауылында балалар алаңшасы мен футбол алаңшасы қолданысқа беріліпті. Ең бастысы аталмыш округте газдандыру жұмыстары бастау алған. Қазір екі ауыл тұрғындары кезегімен «көгілдір отынға» қосылуда. Баяндама соңында ауыл әкімі атқарылған жұмыстарға қолдау танытқаны үшін аудан басшысына тұрғындар атынан алғыс білдірді. Шекара маңында орналасқан ауылдарда орын алатын заң бұзушылықтар, оның алдын алу турасында кездесуге арнайы келген «Қордай» шекара басқармасы бастығы Данияр Көпбаев түсініктеме беріп өтті.
Келесі кезекте сөз алған Бегзат Сейсенқұлұлы биыл Еңбек ауылында бастау алған ауыз су жүйесі құрылысы аяқталатынын айтып, ал Қарасайды ауыз сумен қамту үшін смета жасалып, құрылысы үшін бюджеттік тапсырыс берілгенін жеткізді. Сонымен қатар, биыл Қарасайда балалар ойын алаңшасы мен стрит воркаут салу, ауылдық әкімдік ғимаратын жөндеуден өткізу, мәдениет үйі мен спорт кешенін, мектепті газға қосу бойынша жауапты мамандарға тапсырма жүктеді.
Кездесудегі сұрақ-жауап кезінде ауыл ақсақалы Құрманғазы Жетігенов ауылға осыған дейін жасалған игі жұмыстар үшін аудан басшысына алғысын айтты. Сонымен бірге кейінгі жылдары ауыл ішіндегі электр бағаналарының жөнге келтіру бойынша өтінішін жеткізді.
Сондай ақ, ауыл тұрғындары Қарасайда дәріхана ашу, азық-түлік бағасы, Еңбек ауылында спорт зал салу, ауылға келер жол жиегін кеңейту бойынша сұрақтар көтеріп, әр сұраққа аудан әкімі нақты жауаптар беріп, кейбірі бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктеді.
Ж.ОМАРОВ