ЧЕМПИОНҒА ҚҰРМЕТ

0

Қордай ауданының Қаракемер ауылынан шыққан жас боксшы Ерхан Тұрдан Испанияда өткен беделді халықаралық «BOXAM 2025» турнирінде 57 кг салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Бұл жарыс әлемнің үздік бокс-шыларын жинайтын маңызды турнирлердің бірі болғандықтан, Ерханның жеңісі – оның жоғары деңгейдегі шеберлігінің дәлелі.

Боксшы Испаниядан оралған кезде оны Алматы әуежайында туған жерінің тұрғындары салтанатты түрде күтіп алды. Ал Қаракемер ауылында ерекше құрмет көрсету шарасы ұйымдастырылып, оған ауыл тұрғындары, туыстары мен достары қатысты.

Шараға арнайы келіп қатысқан Масаншы ауылының белсенді жастары мен жергілікті ассамблея мүшелері чемпионды құттықтап, оның жетістігін мақтан тұтатынын білдірді.

Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың құттықтауын орынбасары Дамира Сүгірбай жеткізді. Ол Ерханның жеңісі жастарға үлкен үлгі екенін атап өтті.

«Бұл жеңіс – Ерханның табандылығы мен еңбекқорлығының айқын көрінісі. Оның жетістігі – бүкіл ауданның ортақ қуанышы. Біз сіздің әлі де талай шыңдарды бағындыратыныңызға сенімдіміз», – деген Дамира Маратқызы чемпионға естелік сыйлық табыстады.

Айта кету керек, Ерхан Тұрдан Қаракемер ауылындағы Молдасейіт атындағы спорт кешенінде жаттығады. Бұл кешеннен көптеген талантты спортшылар шыққан, ал Ерханның жетістігі – жас боксшыларға үлкен мотивация.

Жас спортшымызға алдағы жарыстарда да толағай табыстар мен жаңа жеңістер тілейміз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.