ЕГІСКЕ СУДЫ ШЫҒЫНСЫЗ ЖЕТКІЗУ ҮШІН

0

Барын бағалап, жоққа қанағат еткен атам қазақ «су аяғы құрдым», дегенді бекерге айтпаса керек. Дөп басылған аталы сөз бүгінге дейін өміршеңдігін жоймай, қордайлық шаруалар су басындағы айыр қалпақты ағайынның әрекетінен әлі де су тапшылығын сезініп келеді. Мұнымен қоса, соңғы жылдары жауын-шашын мөлшері де азайып, ауа райының өзгергені тағы бар. Сол себепті, бұл аудан, облыс басшылығының назарындағы күрделі де, толғақты мәселе.

Қар еріп, жақын арада жер дегдісімен көктемгі дала жұмыстары басталуы тиіс. Қара жерді кәсіп етіп, нәсібін адал терімен жинайтын диқандар үшін жылдағы күрделі мәселе – суармалы су тұратыны анық. Осы өзекті проблеманы шешу үшін аудан басшылығы әр жылда нақты әрекеттер жасап, тіршілік көзін қолжетімді етуге барын салуда.

Мысалы өткен жылы Қайнар ауылындағы 3800 гектар алқапқа су жеткізу мүмкіндігін ұлғайту жұмыстары қолға алынды. Жер астымен арнайы трубаларды тарту жұмысы басталған болатын. Бұл жоба аяқталғанда шаруаларға егіншілікпен айналысуға жағдай жасалады. Осымен қоса, биыл Сарыбұлақ ауылдық округіндегі «Благовещенский» суару каналын қайта жаңғыртуға назар қойылмақ. Қазіргі таңда бұл жұмысқа жобалық сметалық құжаттамасы аяқталып, сараптаның оң қорытындысы алынды. Жоспар бойынша аталған каналдың 18 шақырымына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмек. Өткізу көлемі секундына 2 текше метрді құрайтын арнаның 5 шақырымында биіктігі 130 см, ұзындығы 300 см, ені 280 см болатын «Г» типті бетон блоктары бар. Алайда, әбден тозығы жеткен екен. Жөндеу осы блоктарды ауыстыру және 13 шақырымды құрайтын трапеция секциясына темірбетон қаптамасын төсеуді қамтиды. Сонымен қатар, каналдағы құрылыстарды қалпына келтіру, су бөгейтін қақпаларды ауыстыру, жөндеу-құрылыс қоқыстарын шығару, пайдалану жолын төсеу, ағаштарды тамырымен жұлу жұмыстары да атқарылмақ.

Жұма күні аудан әкімі Бегзат Болатбеков «Қазсушар» мекемесінің өкілдерімен бірге каналдың жай-күйін көріп, аталған жұмысты бағалау мақсатында Сарыбұлақ ауылдық округіне барды. Арнаның қазіргі жағдайын көрген Бегзат Сейсенқұлұлы жауапты мамандарға осы жұмысты іске асыру бойынша нақты тапсырмалар беріп, шаруалар судан тарылмас үшін қазірден жұмысты жандандыру қажеттілігіне тоқталды. Аудан басшылығының жоспары іске асырылғанда «Благовещенский» суару каналының су өткізу қабілеттілігі артып, егістіктерге шығынсыз жететін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.