Еліміз бойынша барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру науқаны бастал-ғаны белгілі. Бұл – соңғы жылдары дәстүрге айналған үдеріс. Әкімдердің ел алдында есеп беруі атқарылған жұмыстарды тиісті деңгейде бағалап, орындалмағандарын жедел түрде шешу үшін күш жұмылдыруға және де алдағы міндеттерді айқындап, нақтылауға мүмкіндік туғызбақ. Сондай-ақ, бұл әкімдердің іскерлігі сыналатын кезең. Сөйтіп, жылдағы есеп беру науқаны Бетқайнар ауылдық округінде жалғасын тапты.
Халық алдындағы есеп беру іс-шарасының форматы бойынша алдымен Бетқайнар ауылдық округінің әкімі Бақытжан Құттықов есеп берді. Өз баяндамасында ол бірінші кезекте бюджеттің игерілуін сөз етті. Оның айтуынша ауылдық округ бюджеті елді мекендердің көше жарықтандыруына, абаттандыру мен көгалдандыруға, Бетқайнар және Соғанды ауылында балалар ойын алаңшасын орнатуға, ауылдық округтерде автомобиль жолдарын күтіп ұстауға, Бетқайнар ауылының орталық саябағын ретке келтіруге, елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге және «I Love Betgainar» стеласын орнатуға жұмсалған екен. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Бетқайнар ауылының Қазақстан, Қарасу және Төлеби көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жасалынды. Ауыл әкімі денсаулық сақтау, мәдениет, білім салалары, әлеуметтік сала жайында атқарылған жұмыстарды тілге тиек етіп, тұрғындардың басты табыс көзі – ауыл шаруашылық саласына кеңінен тоқталды.
Осыдан кейін сөз кезегін аудан әкімі Бегзат Болатбеков алып, аудандағы жасалған ілкімді істер жайын баян етіп, Бетқайнар ауылдық округінде биыл жоспарланған жұмыстарды атап өтті. Биыл Соғанды ауылы тұрғындарының сұранысы – Соғанды ауылына Қақпатас өзені арқылы өтетін көпір салу жоспарланған екен. Сонымен қатар, ауылдық округ инфрақұрылымына да назар аударылатын болады.
Кездесуде инфрақұрылым, денсаулық сақтау саласы, коммуналдық қызмет сапасы, әлеуметтік мәселелер мен басқа да маңызды тақырыптар қозғалды. Тұрғындар өз ауылдарындағы түйткілді мәселелерді ортаға салып, шешімін сұрады. Бегзат Сейсенқұлұлы халықтың әрбір сұрағына нақты жауап беріп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында баяндады. Ол ауданның дамуы үшін қолға алынған жобаларға тоқталып, кейбір мәселелердің шешімі уақытты талап ететінін түсіндірді.
Осындай ашық диалогтар ауыл-аймақтың дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Ең бастысы – айтылған мәселелер назардан тыс қалмай, нақты іс-шаралар арқылы шешімін табуы.