ЖАМБЫЛДА ЖАҚСЫ ЖАҢАЛЫҚ БАР

0

Аудан әкімінің халықпен есеп беру кездесуі Жамбыл ауылдық округінде өтті. Осындай жиындар – жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы алтын көпір іспетті. Кездесу барысында халық көкейіндегі сұрақтарын қойып, өзекті мәселелер көтерді.

Есепті кездесуге жиналған қалың көпшілік алдымен Жамбыл ауылдық округінің әкімі Айдар Бірімқұловтың баяндамасын тыңдады. Оның есебінен байқағанымыз – Жамбыл ауылдық округінде көшелерді жөндеу және жарықтандыруға көп көңіл бөлінген екен. Округтегі 29 көше жолдарының жалпы ұзындығы 26,2 шақырым. Соңғы 5 жылда 29 көшенің 27-сі орташа жөндеуден өтіп, ауылішілік жолдардың жақсы жағдайдағы үлесі 94 % жетті. Жамбыл ауылындағы Жетісу көшесі 2017 жылы орташа жөндеуден өткен, ал Жаңатұрмыс ауылындағы Қабылбек көшесі бұрынғы ескі асфальт жабындысымен тұр. Дегенмен округтегі ауыл ішілік жолдарды күтіп ұстауға аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, пайда болған ой шұңқырлары жөнделетін болады.

Ал, жарықтандыруға тоқталсақ, жоғарыда атап өткен 29 көшенің 11-інде жарықтандыру бар және биыл олардың жарық шамдары ауыстырылмақ. Жамбыл ауылындағы 4 көшені, яғни Желтоқсан, Жамбыл, Е.Ахмади және Сарыарқа көшелеріне жарық шамдарын орнатуға қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге келісім шарттары жасалып, жұмыстар наурыз сәуір айларында іске асатын болады. Нәтижесінде округтегі көшелерді жарықтандыру деңгейі 51,7 пайызға жетеді. Өз баяндамасында Айдар Бірімқұлов округтегі барлық салалар бойынша атқарылған жұмыстарды да тізіп өтті.

Аудан әкімі Бегзат Болатбеков округте атқарылуы тиіс жұмыстарды хабарлады. Осы жылы округті абаттандыруға ерекше көңіл бөлінбек. Мысалы, Жамбыл және Жаңатұрмыс ауылдарындағы ескерткіштер жөнделеді, кездейсоқ күл-қоқыс орындары жойылады, қоқыс полигоны тазаланады, ауылдардағы қураған ағаштар бұталып, елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қолға алынатын болады.

Кезек сұрақ-жауапқа келгенде жамбылдықтар көкейінде жүрген сауалдарын жолдап, аудан әкімінің жауабын алды. Олар округтегі бірқатар мәселелерді қозғады. Сонымен қатар, жеке басына қатысты сұрақтар да болды. Бегзат Сейсенқұлұлы әр сұраққа жауап беріп, заң аясын да түсіндіріп өтті.

Мұндай кездесулер билік пен халық арасындағы сенімділікті арттыруға ықпал етеді. Тұрғындар өз ұсыныстарын жеткізіп, билік өкілдері оларды назарға алды. Аудан әкімі ауыл-аймақты дамыту бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізілетінін айтты.

Кездесу соңында Бегзат Сейсенқұлұлы бірнеше тұрғынды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.