МАҚСАТ – ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

0

Елімізде өткен жылы Президенттің тапсырмасымен бастау алған «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып келеді. Акция жай ұран емес, оның басты мақсаты – қоғамда экомәдениетті қалыптастыру. Көктем келіп, күн жылуымен еліміздің барлық аймағында акция басталып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Бүгінде бұл шараға тек тазалыққа жауапты қызметкерлер емес, өзге де аудан тұрғындары атсалысуда.

Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды сенбілік жұмыстары жүргізілуде. Аудан аумағындағы барлық елді мекендерде күл-қоқысты тазарту жұмыстары ұйымдастырылып, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынуда. Әсіресе, республикалық және облыстық маңызы бар жол жиектерінің тазалығына ерекше мән берілуде. Өткен сенбілік барысында жол жиектеріндегі қоқыс қалдықтары жиналып, арнайы техникалардың көмегімен шығарылды. Сонымен қатар, ауыл көшелері, саябақтар, қоғамдық орындар мен өзен-көлдердің жағалаулары тазартылып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Өткен аптада Ауқатты және Сарыбұлақ ауылдарының тұрғындары бірлескен сенбілікке шықты. Тазалық акциясына мемлекеттік қызметшілер, белсенді жастар, өзге де мекеме қызметкерлері қатысты.

Олар көшелерді, қоғамдық орындарды, саябақтар мен өзен-көл маңын қоқыстан тазартты.

Акция аясында «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметшілері де сенбілікке шығып, табиғатты ластанудан қорғауға өз үлестерін қосты. Жас-тар бірлесіп ғимараттар аумағын тазалап, көшедегі күл-қоқысты шығарды.

Қоршаған ортаны қорғау және тазалықты сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін ескере отырып, барша аудан тұрғындарын сенбілікке белсенді түрде атсалысуға шақырамыз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.