Республикалық экологиялық бастамасы аясында Қордай ауданында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау және аумақтарды абаттандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Аудан көлемінде әр сенбі сайын дәстүрлі санитарлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, тұрғындар туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосып келеді.
Тазалық шараларына мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, ауыл тұрғындары, жастар мен еріктілер белсенді қатысуда. Ауданның барлық 19 ауылдық округін қамтыған сенбіліктер барысында көшелер, саябақтар, қоғамдық орындар мен ауыл аумақтары қоқыстан тазартылып, айналаны көркейту жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Мұндай игі шаралардың басты мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстау ғана емес, сонымен қатар тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғатқа деген жауапкершілікті арттыру. Әсіресе, жастарды тазалыққа баулу, туған жерге жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуға ынталандырудың маңызы зор.
Тазалық – ортақ жауапкершілік. Әрбір тұрғын өз ауласын, көшесін және қоғамдық орындарды таза ұстауға атсалысса, елді мекендердің көркі де арта түседі. Осы ретте «Таза Қазақстан» бастамасы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жұмыстарды жандандырып қана қоймай, қоғамда тазалық пен тәртіпті сақтау мәдениетін нығайтуға ықпал етуде.
Қордай ауданында табиғатты қорғау, елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосу – баршамызға ортақ міндет. Өйткені таза әрі жайлы орта қалыптастыру әр азаматтың белсенділігі мен жауапкершілігінен басталады.