Тазалық — азаматтық жауапкершілік пен туған жерге деген сүйіспеншіліктің анық көрінісі. Өткен сенбіде Қордай ауданында Бүкіләлемдік тазалық күніне (World Clean-up Day) орай қоршаған ортаны қорғау мен өңірді абаттандыруға бағытталған ауқымды экологиялық сенбілік өтті.
Осы халықаралық бастамадан Қордай ауданы тыс қалған жоқ. Аудан аумағында ұйымдастырылған сенбілікке аудан әкімі Бегзат Болатбеков, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, түрлі кәсіпорындар мен ұйымдардың ұжымдары және туған өлкесінің тазалығына бейжай қарамайтын 1 100-ден астам белсенді тұрғын бір кісідей қатысты.
Бір сәтте біріккен бұқараның белсенді еңбегінің арқасында ауқымды жұмыстар атқарылды.
1 500 шаршы метр саябақтар мен скверлер аумағы толықтай абаттандырылып, ретке келтірілді. 22 шақырым көше бойы мен қоғамдық орындар күл-қоқыстан тазартылды.6 шақырым арықтар мен каналдардың іші аршылып, су жүрісі реттелді. Жұмыс барысында 7 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 75 тонна күл-қоқыс арнайы полигондарға шығарылды
Әрине, бұл нәтиже — бір күндік ұйымшылдықтың жемісі. Дегенмен, «Тазалық бар жерде — береке бар» демекші, қоршаған ортаның тазалығы бір күндік науқанмен шектелмеуі тиіс. Әрбір ауланың, әрбір көшенің және әр ауылдың таза әрі көркем болуы — әрқайсысымыздың күнделікті азаматтық парызымыз.
Атаулы күннің тарихына үңілсек, бұл қозғалыс 2008 жылы Эстония елінде бастау алған болатын. Сол жылы «Let’s Do It!» («Қане, істейік!») деп ұрандатқан 50 мыңнан астам ерікті небары 5 сағаттың ішінде бүкіл ел аумағын 10 мың тонна қоқыстан тазартты. Бұл қайталанбас экологиялық серпіліс кейіннен жаһандық қозғалысқа айналып, 2018 жылдан бастап ресми түрде Бүкіләлемдік тазалық күні болып белгіленді. Жыл сайын қыркүйек айының үшінші сенбісінде өтетін бұл экологиялық акция бүгінде жер шарының 190-нан астам елін және миллиондаған еріктілерін біріктіріп отыр. Бұл мереке — жай ғана қоқыс жинау науқаны емес, планетамыздың болашағына жанашырлық танытудың жаһандық үлгісі.
Жаһандық тазалық қозғалысына үнін қосқан қордайлықтар бұл күні туған өлкеге деген сүйіспеншілік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті.