8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінде «Жастар ресурстық орталығы» КММ және Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінің бірлесуімен аудандық келіндер байқауы өтті.
«Қазақтың келіндері-ай – 2025» дәстүрлі аудандық жас келіндер байқауының мақсаты – мемлекеттік тілге құрмет көрсету, халқымыздың тарихы мен мәдениетін дәріптеу, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды кеңінен насихаттау және қазақ келініне тән әдемілік, әдептілік, инабаттылық, сымбаттылық, ізеттілік және іскерлік пен тапқырлықты үлгі ету. Мерекелік байқауға Қордай, Жамбыл, Степной, Бетқайнар, Қақпатас, Алға, Ноғайбай, Үлкен Сұлутөр және Сарыбұлақ ауылдық округтерінен келген жас келіндер қатысты. Жарыс қатысушылары «Мен қазақтың келінімін», «Ата салтым – асыл мұрам!», «Үй тапсырмасы», «Өнерлі өрге жүзер» деп аталатын төрт кезең бойынша сайысқа түсті. «Пай, пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай, көл дария секілді пейілдері-ай» десе дегендей-ақ қазақ келіндерінің бар болмысын бойларына жиған жас келіндер баптарын да, бақтарын да сынады. Сан-салада табысты еңбек етіп, бір отбасының түтінін түтетіп, әулет тізгінін жалғап отырған берекелі келіндер ұлттық киіммен сахнаға көрік берді. Байқаудың толық қорытындысына тоқталар болсақ, түрлі аталымдар, жүлделі орындар табысталып, келіндерге сый-құрмет көрсетілді. Аталған кезеңдер бойынша «Алтын қолды келін», «Шығармашыл келін», «Инабатты келін», «Ең мейірімді келін», «Қазақы дәстүрлерді сақтаушы келін», «Қазақтың ұлттық тағамдарын білгір келін» номинациялары табысталды.
Жүлделі орындарға келер болсақ, бас жүлдені Жамбыл ауылының келіні И.Бердібаева иеленді. Жүлделі бірінші орын – Степное ауылының келіні Х.Мырзақұловаға бұйырды. Екінші орынды – Бетқайнарлық жас келін А.Жұмахан еншілесе, Жамбылдық Г.Есенғали үшінші орынға жайғасты.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге «Жастар ресурстық орталығы» КММ бағалы сыйлықтары мен дипломдары табысталды.