НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫС БОЛУЫ ТИІС

0

Ұлтаралық татулық пен келісімді нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім жобасы» өткен жылы Жамбыл облысының аумағында басталғаны белгілі. Тікелей Президенттің тапсырмасымен қолға алынған бұл жобаның нәтижелі орындалуына өңір басшысы Бердібек Сапарбаев та үлкен көңіл бөлген болатын.

Еске сала кетсек, аталған жобаның мақсаты – қоғамдық-саяси ахуалдың мониторингілеу, жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелерді анықтау және шешу болып табылады. Өткен жылы «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында ауданда 618 іс-шара ұйымдастырылып, оған 15481 адам қамтылған болатын. Нәтижесінде жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 23 адам қайтарымсыз грантпен қамтамасыз етілді, 24 адам «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмысқа тартылды, 44 адам тұрақты жұмысқа орналасты, 6 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, 4 адам шағын несиемен қамтылды және 516 адамға стационарлық амбулаториялық ем көрсетілді.

Осы мәліметті 26 сәуір күні аудан әкімінің орынбасары м.а. Дамира Сүгірбай жоба асында ауданға келген үлкен жұмыс тобының қатысуымен өткен жиында алға тартты. Облыс әкімінің өкіміне сәйкес «Бейбітшілік пен келісім» жобасының жұмысшы тобының жаңа құрамы бекітілді. Жоба аясында құрылған 3 жұмысшы топ 26-28 сәуір аралығында аудандағы елді мекендерді аралап, халықтың мәселелерін тыңдап, оның шешу жолдарын қарастырып, жұмыс жүргізетін болады.

Жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов аталған үш жұмысшы топтың құрамымен таныстырып шықты. Этнос және конфессияаралық келісім, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту, құқық қорғау саласы секілді бағыттар бойынша жұмыс істейтін топтардың нақты жұмыс жоспары және мақсат міндеттері бар.

Әрбір жұмыс тобының жетекшісі және құрамы бекітіліп, оған тиісті ведомстволардың бірінші басшылары мен салалық мамандары енді. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға әр елді мекеннің ең ауқымды мәселелерін зерттеп, жергілікті тұрғындарды толғандырып, алаңдататын мәселелерді анықтауды тапсырды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.