Сәрсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде «Бейбітшілік және келісім» жобасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығымен ұйымдастырылған шара жұмыс іздеушілерді жұмыс берушілермен кездестіруге бағытталған.
Аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Ақсана Елеусізованың айтуынша, жәрмеңкеге 66 жұмыс берушіден бос орын ұсынылған.
«Жәрмеңкеге қатысушыларға 181 бос жұмыс орны, оның ішінде: білім саласы бойынша 36 бос жұмыс орны; денсаулық сақтау саласы бойынша 15 бос жұмыс орны, білім беру саласы бойынша 36 бос жұмыс орны; әр түрлі жұмыстарға 130 бос жұмыс орны ұсынылды», — дейді маман. Жұмыс іздеп келген азаматтарға жұмыс берушілермен көзбе-көз кездесіп, жұмыс жайлы сөйлесуге мүмкіндік берілді. «Мен жұмыс іздеп келдім. Бірқатар жұмыс берушілермен сөйлесіп, жағдайын білдім. Осындай шаралардың, әсіресе, жастарға пайдасы мол деп ойлаймын. Ұйымдастырушыларға рақмет, өте ыңғайлы», — дейді жәрмеңкеге келген Татьяна Зайцева.
«Тұрақты жұмысқа бір адамды қабылдадым. Осындай шаралар жұмысшы табуға септігін тигізеді. Болашақта да белсенді қатысып, жәрмеңке арқылы персонал жинаймын деген ойдамын», — дейді «Asman Group LLP» ЖШС директоры Арман Манап.
Халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметі бойынша, жәрмеңкеге қатысқан 60-тан астам азаматтың ішінен 8 азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды, 12 азамат жұмыс берушіге сұхбаттасуға және 15 азамат тұрақты жұмыс орындарына жолданды. Сонымен қатар, мемлекеттік қайтарымсыз гранттар алуға және шағын несие бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Серғазы Манасбаев