Елімізде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Қазақстан барысы» турнирінің іріктеу кезеңі басталды. Осыған орай, өткен сенбіде Красный партизан ықшам ауданында орналасқан спорттық сауықтыру кешенінде қазақ күресінен Жамбыл облысының турниріне аудандық іріктеу кезеңі өткізілді.
Ең алғаш 2011 жылы тұсауы кесілген қазақ күресінен «Қазақстан барысы» жобасы аз уақытта асқан танымалдыққа ие болып, балуандарымыздың думанды бәсекесіне айналып шыға келді. Ұлттық күрестің мәртебесін көтеруді ту еткен сайыста Қаракемер, Қордай, Сарыбұлақ, Қайнар, Жамбыл, Гвардейский, Кенен ауылдарынан келген «Қордай барысы» атануға үмітті 12 балуан өнер көрсетті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, «АМАНАТ» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов, аудандық мәслихат депутаттары мен аудандық спорт бөлімінің өкілдері қатысты. Мемлекеттік Әнұран орындалғаннан кейін алғысөз алған аудан әкімінің орынбасары барша қатысушыларға сәттілік тілеп, іс-шараны ашып берді.
«Дәстүрлі құндылықтарымыздың бірегейі – ұлттық спорт ойындарымыз. Кезiнде қазақ күресi арқылы аты бүкiл әлемге танылған Қажымұқан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақтың iзбасарларын бүгiн көптеп кездестiреміз. Шын мықтыға тұсау жоқ. Ендеше, намысты ту еткен спортшыларымыздың жеңісті жолдары жемісті болсын!», — деді Дамира Маратқызы.
Иә, «сен тұр, мен атайын» дейтін атан жілік, апайтос жігіттер сынға түскен дуы басым додада қатарыңнан оза шауып бәйге алу – оңай емес. Финалдық кездесулерге дейін жеткен кенендік Сұлтан Әкімғали үшінші орынға ие болса, екінші орынды қордайлық Саян Сейітбекұлы, ал бірінші орынды сарыбұлақтық Данил Фёдоров жеңіп алып, «Қордай барысы» атанды. Жеңімпаз бен жүлдегер палуандар медаль, кубок, диплом және ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ