Бұл адамдар мектепте сабақ бермейді, алайда педагогикалық ұжымның ажырамас бөлігі болып табылады. Мұғалім – көпшілікке белгілі мамандық. Дегенмен, мектептегі жайлы әрі жылы атмосфераны тек ұстаздар ғана қалыптастырмайды. Білім ордасының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін «көзге көрінбейтін майдангерлер» бар – олар бізге жайлылық пен тәртіп сыйлап жүрген жандар.
Солардың бірі – Қордай ауылының тұрғыны, мектептің техникалық қызметкері Зағифа Бектібаева. Ол – табандылық пен еңбекқорлықтың үлгісі. Күн сайын мектептің тазалығын қадағалап, оқушылар мен ұстаздарға жайлы жағдай жасау жолында адал еңбек етеді. Сонымен қатар, ол – төрт ұл мен бір қыз тәрбиелеп отырған көп балалы ана. Зағифа Эсағалиқызының өмір жолы – қандай қиындық болса да, рух күшінің және отбасыға деген сүйіспеншіліктің арқасында бәрінен өтуге болатынын көрсететін жарқын мысал.
Оның өмірлік серігі Ауған соғысының ардагері Тәжидавлат Бийназаров. Екеуі де өмірдің талай сынағынан сүрінбей өтіп, мейірім мен өзара қолдауға негізделген отбасын құра білді.
Зағифа қарапайым, еңбекқор отбасында тәрбиеленген. Анасы мектепте еден жуушы болып жұмыс істеген, ал әкесі – шаруашылық меңгерушісі болған. Осы отбасылық еңбек дәстүрі оның бойына жастайынан жауапкершілік пен адалдықты сіңірді.
Өкінішке қарай, Зағифа Эсағалиқызы денсаулығына байланысты күрделі сынақтардан өтуге мәжбүр болды. Қазіргі таңда үшінші топ мүгедегі. Бірақ бұл оның өмірге деген құлшынысын бәсеңдетпеді. Қазіргі кезде ауруымен күресіп жүргенімен, жігері жасымаған. Ол күні бүгінге дейін өз жұмысын шын ықыласпен, сүйіспеншілікпен атқаруда.
– Күнделікті жұмысымда түрлі адамдар кездеседі, әртүрлі жағдайлар болады. Кейде мамандығыма менсінбей қарайтындар бар. Кейбір оқушылар қасақана көзіме қарап, қоқысты жерге тастайды. Мұндайда көңілім құлазиды. Бар арманым – адамдар біздің еңбекті бағаласа, кейде көмектесіп тұрса. Бұл көп күшті қажет етпейді, тек мейірім мен түсіністік керек, – дейді Зағифа Бектібаева.
Мектептің тазалығын сақтау – оңай шаруа емес. Ол – едәуір физикалық күш пен үлкен жауапкершілік талап ететін жұмыс. Алайда Зағифа үшін бұл жай ғана күнкөріс көзі емес, бұл – қоғамға пайдалы болуға, мектеп өміріне өз үлесін қосуға мүмкіндік.
Бүгінде ол білім ордасының ұжымы үшін сенімді әрі қадірлі әріптес. Оның еңбегі бағаланады, әрі ол – мектептің ішкі тәртібі мен тазалығы үшін жауап беретін маңызды тұлға.
Барлық қиындықтарға қарамастан, Зағифа – өмірді сүйетін, қайырымды әрі оптимист адам болып қала береді. Ол балаларын шабыттандырып, оларға жеке жетістіктерге ұмтылудың маңыздылығын көрсетеді. Балалары анасынан батылдық пен табандылықты көріп, өмірдің қиындықтарын еңсеруді және әр сәттің қадірін білуді үйренуде.
Келесі кейіпкеріміз де техникалық қызметкер болып еңбек етеді. Тоқтагүл Махамбеталиева – өмір жолы терең жеке трагедиямен қатар, өмірге деген сөнбес сүйіспеншілікпен өрілген техникалық қызметкер. Ол – ең ауыр сынақтарға төтеп берген рухтың мықтылығының көрінісі. Алты сәбиінен айырылған. Бұл қандай ауыр қайғы екенін елестету де қиын. Алайда, соған қарамастан, ол өмір сүруді, жұмыс істеуді және айналасына жылу сыйлауды жалғастыруға күш тапты.
Жалғыз ұлы – оның тірегі мен үміті. Ол ұлының бойынан өзін, өмірінің мағынасын көреді. Тоқтагүл Ақсейісқызы бар махаббаты мен қамқорлығын соған арнап, оны өмірдің қиындықтарынан қорғауға тырысады.
Ол жұмыс істейтін мектепте Тоқтагүлді еңбекқорлығы, мейірімділігі мен жанашырлығы үшін жоғары бағалайды. Әрдайым көмекке дайын, жылы сөзімен де, нақты ісімен де қолдау көрсетеді. Оның өмір жолы – ең ауыр жоғалтулардан кейін де үміт пен сенімді жоғалтпай, өзгелерге жарық сыйлап өмір сүрудің жарқын мысалы.
Ол білім ордасында көзге көрінбейтін, бірақ өте маңызды механизмнің бөлшегі іспетті. Қолдары техникалық жабдықтарды сенімді басқарады, ал көзі – оқу үдерісінің дұрыс жүруіне мұқият қарайды.
Бұл оқиғалар құрметке лайық. Олар – қоғамға шынайы пайда әкелетін жандар туралы еске салу. Мектепте еден жуып жүрген бұл екі әйел шын мәнінде тек физикалық кеңістікті ғана емес, адамдардың жүрегін де тазартуда, жаңа жетістіктерге шабыт беруде.
Мадина УЗБЕКОВА