Осы аптада аудандық Мәдениет үйінде «Қордай Аруы-2026» байқауы өтті. Қазақ халқы қашанда ұлын нарға, қызын арға балап, көңілінің дархандығын қазақтың кең даласымен өлшеген. «Қызың өссе – елдің көркі» деп қызға ерекше құрмет көрсеткен.
Бұл байқаудың мақсаты қыз балаға тәрбие берер салт-дәстүрімізді жаңғырту, биязы қылық, өрелі өнер, инабаттылығын дәріптеу. Тал бойында міні жоқ, ашылмаған сыры көп, алма мойын, қиғаш қас әсем де сұлу арулар сахна төріне шығып өз өнерін паш етті. Сонымен қатар қатысушы қыздардың өзін-өзі ұстау мәдениетін дамыту, олардың шығармашылық қабілеттерін ашу, қыздардың ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға қызығушылығын арттыру, сондай-ақ ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімін тәрбиелеу болды.
«AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов төрағалық еткен әділ қазылар алқасы әр қатысушы аруға бағасын беріп, топ жарған сұлуларды анықтады. Сұлулық пен парасатты, өнер мен талғамды ұштастырған қатысушылар арасынан оза шапқан жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлде иегері Қарасай ауылының көріктісі Ақнұр Жұмабайға сән мен сапаның символына айналған «Dyson» құрылғысы табысталды. Кенендік сұлу Айым Ғабит бірінші орынды жеңіп алды, оған «Сен сұлу» косметика жиынтығы берілді. Екінші жүлделі орынды жеңген Фариза Кеңес (Қайнар ауылы), Дариға Асан (Қордай ауылы) сәнді чемодандар жиынтығымен марапатталды. Үшінші орынды екеуара бөліскен Айым Айдархан (Алға ауылы) және Аяулым Ибрагимова (Жамбыл ауылы) да бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, «Көрермен көзайымы», «Өнерлі ару», «Сымбатты ару» сынды түрлі номинация жүлделері де өз иелерін тапты.
Байқауды ұйымдастырушы – аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ғалия Иманбаева бұл сайыстың жас қыздардың өздерін жан-жақты дамытуына, сахнада еркін өнер көрсетуіне, ұлттық рухты бойына сіңіруіне үлкен мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін көрсете білді.
А.ИЗАЕВА