ЖҮРЕККЕ ЖЫЛУ СЫЙЛАҒАН БІР КҮН

0

Жақында №42 Е.Қашағанов атындағы мектетің 7-сынып оқушылары сынып жетекшіміз Ж.Артықбаеваның ұйымдастыруымен қарттар үйіне барып, ерекше әсерге толы бір күнімізді өткіздік. Бұл сапар біз үшін тек қайырымдылық шарасы ғана емес, үлкен өмірлік сабақ болды.

Қарттар үйіне кірген сәттен бастап бізді жылы жүзді қызметкерлері мен ақ жаулықты әжелер, ақсақалды аталар жылы жүзбен қарсы алды. Олардың жүзіндегі мейірім мен сағыныш сезімі бірден байқалды. Біз алдымен өзімізбен бірге алып барған тәттілер мен сыйлықтарымызды табыстадық. Қарттардың қуаныштан жайнаған жүздерін көру бізге ерекше әсер сыйлады. Содан кейін біз қариялармен әңгімелесіп, олардың өмір жолы, өткен күндері туралы тыңдадық. Кейбір әжелер ән айтып, батасын берді. Біз де өз тарапымыздан ән айтып, өлең оқып, шағын концерт ұйымдастырдық.

Бұл кездесу барысында біз үлкендерді құрметтеу, оларға қамқорлық көрсету – әрбір азаматтың борышы екенін түсіндік. Қарттар үйіндегі қариялардың қарапайым ғана жылы сөзге зәру екені жүрегімізге қатты әсер етті.

Сапар соңында біз олармен қимай қоштастық. Бұл күн біз үшін ұмытылмас сәттерге толы болды. Осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдеміз. Өйткені үлкенге құрмет – кішіге міндет.

Артықбай ДАНИЯ, 7-сынып оқушысы, Кенен ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.