Жақында аудан әкімдігінде той мәдениетінің мәселесі талқыға түсті.
Жиынға Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық және Жамбыл облыстық айтыскер ақындар мен жыршы термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбеков, аудандық ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес мүшелері, асабалар және тойхана иелері қатысты.
Басқосудың негізгі тақырыбы – ұлттық құндылықтарды сақтау, той мәдениетін заман талабына сай қалыптастыру, дарақылық пен ысырапшылдықтың алдын алу болды. Бұл мәселе соңғы уақытта мемлекет деңгейінде де өзекті тақырыпқа айналып, түрлі деңгейдегі алаңдарда көтеріліп келеді. Бурабайда өткен Ұлттық Құрылтайда да той өткізу мәдениеті туралы кеңінен сөз қозғалып, бірқатар ұсыныстар жоғары билікке жолданған болатын.
Осы бағытта Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының бастамасымен Жамбыл облысы көлемінде той мәдениетін сақтау, асабалардың этикасын арттыру және артық шығынсыз, мазмұнды той өткізу жөнінде тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Жиында алғашқы сөзді алған Жасұлан Әбдіхалық тойдың тек көңіл көтеру ғана емес, тәрбиелік мәні бар рухани шара екенін еске салды. Сондай-ақ, артық даңғаза мен шектен тыс шығынның қоғамға тигізер кері әсеріне тоқталды.
Басқосу барысында қатысушылар қазақтың той дәстүрінің маңызы, оның ұлттық болмысқа әсері жайлы өзара пікір алмасты. Олар тойды шынайы қуаныш пен рухани мерекеге айналдыру қажеттігін тілге тиек етіп, ысырапшылдықтан арылып, ұлттық ерекшелікті сақтау арқылы той мәдениетін жаңа деңгейге көтеру керектігін баса айтты.
Жиын соңында бірқатар нақты ұсыныстар айтылып, алдағы уақытта той мәдениетін қалыптастыру бағытындағы түсіндіру жұмыстарын жүйелі жалғастыру керек деген ортақ шешімге келді.