Еңбек жағдайын жақсарту еңбек қауіпсіздікті жоғарлатып, сапасын және өнімділігін арттырады. Кәсіпкерлер бар күштерін жазатайым оқиғалар мен кәсіби сырқаттарды болдырмау үшін салу керек. Жұмыс орындарында қауіп қатерлерді болдырмау олардың маңызды мәселесі болып табылады.
Еңбек жағдайы мен қауіпсіздігі ақыр аяғында, мемлекеттік органдардың өкілі, жұмыс берушілер немесе қызметкерлер болса да, бірлесіп қызмет еткен адамдарға байланысты болады. Жазатайым оқиғаны болдырмау мақсатында жұмыс орындарында қауіпсіздік техникасын басқару және бақылау, үйлестіру, жоспарлау, шешетін мәселесі бар учаскілерді анықтау сияқты функцияларды жүзеге асыру қауіпсіздікті басқару дегенді білдіреді.
Бірақ та, қазіргі таңда республикамыздың көптеген кәсіпорындары мен ұйымдарында қауіпсіздікті тиімді басқару мен еңбек гигиенасын сақтау жүйесі жасалмаған. Осыған және басқа да мәселелерге байланысты жыл сайын Қазақстан Республикасында 2,5 мың әйел және ер азаматы еңбек қызметіне қатысты жазатайым оқиғаның құрбаны болып отыр.
Өндірістік жарақаттар мен қызметкердің денсаулығына еңбек міндеттерін атқарумен байланысты келтірілген өзге де зақымданулар не жұмыс берушінің мүддесі үшін өз бастамасы бойынша еңбекке қабілетсіздігіне не өлімге әкеп соққан басқа да әрекеттер жасалған жазатайым оқиғалар тексеріліп, есепке алынады.
Тергеп-тексеру барысында жарақаттар мен зақымданулардың:
1) зардап шеккен адамның өз бастамасы бойынша жұмыстарды немесе өзге де іс-әрекеттерді функционалдық міндеттеріне кірмейтін және жұмыс берушінің мүддесімен байланысты емес, оның ішінде вахталық әдіспен жұмыс істеу кезінде ауысымаралық демалыс және тынығу мен тамақтануға арналған кезеңде, сондай-ақ алкогольдік мас болу, уытты және есірткі заттарды (олардың аналогын) пайдалану күйіне байланысты себеппен орындаған кезде;
2) өз денсаулығына қасақана (әдейі) зиян келтіру нәтижесінде немесе зардап шеккен адам қылмыс жасаған кезде;
3) зардап шеккен адам денсаулығының медициналық қорытындымен расталған, қауіпті және (немесе) зиянды өндірістік факторлардың әсерімен байланысты емес кенеттен нашарлауынан болғаны нақты анықталса, олар өндірістік жарақаттар және қызметкерлер денсаулығының өндірістегі өзге де зақымданулары ретінде ресімделмейді.
4) Әрбір жазатайым оқиға туралы зардап шеккен немесе оны көрген адам жұмыс берушіге немесе жұмыстарды ұйымдастырушыға дереу хабарлауға міндетті.
5) Өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруді ұйымдастыруға, ресімдеуге және тіркеуге жұмыс беруші жауапты болады.
Арнайы тергеп-тексерілуге тиіс жағдайларды қоспағанда, өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруді жазатайым оқиға болған кезден бастап жұмыс берушінің актісімен жиырма төрт сағат ішінде құрылатын, мынадай құрамдағы комиссия жүргізеді:
төраға — ұйымның (өндірістік қызметтің) басшысы немесе оның орынбасары;
мүшелері — ұйымның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің басшысы және қызметкерлердің өкілі.
Жазатайым оқиға болған тиісті учаскедегі еңбек қауіпсіздігіне тікелей жауап беретін лауазымды адам тергеп-тексеруді жүргізу кезінде комиссия құрамына енгізілмейді.
Жазатайым оқиға болған жердегі тиісті учаскіде еңбек қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлға тексеріс комиссия құрамына кірмейді.
Жұмыс берушінің — жеке тұлғаның өндірісіндегі жазатайым оқиғаны тергеп-тексеруге жұмыс беруші немесе оның уәкілетті өкілі, қызметкерлердің өкілі, жазатайым оқиғаны тергеп-тексеруге шарт негізінде де шақырылуы мүмкін еңбекті қорғау жөніндегі маман қатысады. Қатерлі улану жағдайында комиссияның тергеп-тексеруіне халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның өкілдері қатысады. Комиссияның жұмысына жұмыс берушімен немесе зардап шеккен адаммен тиісті шарттық қатынастары бар сақтандыру ұйымының өкілі қатысуға құқылы. Жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру мерзімі комиссия құрылған күннен бастап он жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Қызметкердің (қызметкерлердің) еңбекке қабілеттілігін жоғалтуына әкеп соққан өндіріспен байланысты әрбір жазатайым оқиға медициналық қорытындыға (ұсынымға) сәйкес еңбек жөніндегі уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша жазатайым оқиға туралы актімен қажетті данасы жасалып (әрбір зардап шеккен адамға жеке-жеке) ресімделеді.
Жазатайым оқиға туралы акт толтырылып, оған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің және ұйым бөлімшесінің басшылары, сондай-ақ ұйым қызметкерлерінің өкілдері қол қояды және оны жұмыс беруші бекітіп, ұйымның мөрімен расталады.
Улану жағдайларында жазатайым оқиға туралы актіге халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның өкілі де қол қояды.
Егер жұмыс беруші жеке тұлға болса, жазатайым оқиға туралы акт толтырылып, оған жұмыс беруші қол қояды және нотариалды түрде расталады. Акт тергеп-тексеру материалдарына сәйкес ресімделуге тиіс.
Егер өндірістегі жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде комиссия зиянның туындауына немесе ұлғаюына өрескел абайсыздық себеп болғанын анықтаса, онда комиссия тараптардың аралас жауапкершілігін қолданып, қызметкер мен жұмыс берушінің кінәсін процентпен айқындайды.
Егер жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның бір мүшесі комиссияның (көпшіліктің) қорытындысымен келіспейтін болса, ол өзінің дәлелді пікірін тергеп-тексеру материалына қосу үшін жазбаша түрде ұсынады. Ол арнайы тергеп-тексеру актісіне «ерекше пікірге қара» деген сілтеме жаза отырып, қол қояды.
Әрбір жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін жұмыс беруші үш күннен кешіктірмей зардап шеккен адамға немесе оның сенімді адамына жазатайым оқиға туралы актіні беруге міндетті, актінің бір данасы жұмыс берушімен тиісті шарттық қатынастары бар сақтандыру ұйымына, ал екіншісі — мемлекеттік еңбек инспекциясына қағаз және электронды жеткізгіште жіберіледі.
Улану жағдайында актінің көшірмесі халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органға да жіберіледі.
Жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру, ресімдеу және тіркеу мәселелері бойынша жұмыс берушінің, қызметкердің және мемлекеттік еңбек инспекторының не қауіпті өндірістік объектілерде болған оқиғалар кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалау жөніндегі мемлекеттік инспектордың арасында туындаған келіспеушіліктерді тиісті жоғары тұрған бас мемлекеттік еңбек инспекторы бағыныштылық тәртіппен қарайды және (немесе) сот тәртібімен қаралады.
Жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру материалдары ұйымда қырық бес жыл бойы сақталуға тиіс, ұйым таратылған жағдайда жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру материалдары міндетті түрде сол ұйым жұмыс істеген жердегі мемлекеттік мұрағатқа тапсырылуға тиіс.
Зардап шеккен адам немесе қызметкерлердің өкілі жазатайым оқиғаны тергеп-тексерудің бүкіл материалдарымен танысуға және қажетті үзінді көшірмелер жасауға құқылы. Қазақстан Республикасының Еңбек заңнамасының осы бөлімі заңнаманың негізін қалайтын бөлімі болып табылатынын ескеру керек, бұл бөлім залалды өтеу мәселесін қарастыру кезінде, өндірістегі жазатайым оқиға барысында зақымданған қызметкерлердің әлеуметтік қорғанысын қамтамасыз етеді.
Жазатайым оқиғалардың дұрыс, уақтылы тергеп-тексерілуі мен есепке алынуын, сондай-ақ мұндай оқиғаларды туындатқан себептерді жою жөніндегі іс-шаралардың орындалуын бақылауды мемлекеттік еңбек инспекторлары өз құзыреттері шегінде тексерулер жүргізу, азаматтардың шағымдарын, арыздары мен өтініштерін қарау және ұйымдарды тексеру арқылы жүзеге асырады.
Қорытындылай келсек, соңғы кезде жұмыс берушілермен жазатайым оқиға туралы хабарды жасыру оқиғалары анықталған. Осындай фактілер анықталған кезде Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне тиісті әкімшілік айыппұл салу жауапкершілігі белгіленген, сондай-ақ жазатайым оқиғаны тиісті түрде рәсімдеуді жүктеу.
Құқық бұзушылық кезінде қызметкерлер жазбаша түрде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне жүгінуіне болады.
Айдын БИБОЛ, Жамбыл облысының мемлекеттік еңбек инспекторы