Тілі жоғалған ұлттың өзі де жойылады. Бұл – күнделікті естіп жүрген афоризм емес. Тіл адамның ойын жеткізуші құрал. Қай тілде ойлансаң, сол тілде сөйлейтінің жасырын емес. Ал қай тілде сөйлесең, сол ұлтқа қызмет еткенің.
Біздің халық салты мен дәстүрін, тарихы мен тағдырын бұрынғыдан бүгінгіге, қазіргіден кейінгіге асыл қазына етіп қалдырады. Еліміз түндігін жаңадан көтеріп жатқанда, мемлекеттік тілде сөйлеу парызымыз деп насихаттау қазіргі таңда өз жемісін беруде. Қазақ тілін игеру заман талабы. Сапалы білім алғысы келетін ұрпақ оны меңгеруі тиіс. Себебі, қазіргі таңдағы жоғары оқу орындарының біразы қазақша білім беруде. Ал қазақ бөлімін таңдаушы студенттер саны жыл сайын артып келеді.
Ана тілі – ананың ақ сүтімен әр қазақ баласының бойына сіңген тілі. Ол арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Әр адамның азаматтық қасиеті – өз халқын, өзінің атамекенін қалай сүюімен, өз тілін қалай білуімен өлшенбек.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жағдайына дәлел ретінде еліміздің әр аймағындағы арнайы тіл оқыту курстары жайлы айтсақ артық емес. Мемлекет үйренемін деуші әрбір азаматқа қолдау көрсетуде. Соңғы бес жыл ішінде қазақ тілін үйренушілер саны 40-тан 74-ке жоғарылаған.
Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу үшін қазақ тілін білу міндетті. Себебі, билік халықты басқарады. Елдің бағыт-бағдарын анықтайды. Мәселен, АҚШ – мигранттар елі. Қай елден келмесін олардың барлығын жақындастырушы ортақ ағылшын тілі. Біздің қазақ тілі де дәл сондай халық пен халықты біріктіруші құрал болғанын қалаймыз.
Ақбота ТҰРСИНБЕКОВА, Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің қазақ тілі мұғалімі