Елімізде 2025 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып бекітілгені белгілі. Соған сәйкес, ауданымызда аталмыш жылды дәріптеуге бағытталған, ауылдық округтер арасында өнер фестивалі бастау алған еді.
Бұл жолғы өткізу мәртебесі ынтымағы жарасқан мекен Кенен ауылдық округіне табысталған болатын. Жұманың кешінде жалауын желбіреткен фестиваль аудан орталығындағы «Жасыл» саябақта өткізілді. Дәстүрлі кештің маңызды бөлігінде округ әкімі Арман Жылыбаев сөз алып, мамандықтар жылы аясында қолға алынған шараның маңыздылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Шараның тартысты өтуіне ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары, ауыл әкімдігі аппараты қызметкерлері мен ауыл жастары біркісідей атсалысты. Өнер фестивалінде ұсынылған қолөнер бұйымдары мен кітап көрмесі, ұлттық тағамдар қойылған дастархан, өнерімен тәнті еткен өнерпаздардың киім үлгісі мен сахнада өзін ұстауы көпшілікке құдды бір ұлан-асыр тойда жүргендей әсер сыйлады.
Ауыл тұрғындарын туған өлкесіне сүйіспеншілігін арттырып, еңбек адамдарына сый-құрметінің еселенуін көздеген шара соңында округ әкімі Арман Жылыбаев ұйымдастырушы бірқатар азаматтарға алғыс хаттар табыстап, ілтипатын танытты.
Айта кетейік, арнайы тағайындалған әділ-қазылар құрамы жыл соңында аталмыш сайыстың жеңімпазы мен жүлдегерлерін анықтайтын болады.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ