ҰЛЫ ЖЕҢІС САРБАЗЫ

0

Жеңіс оңай келген жоқ. Оның артында қаншама қайсар тағдырлар, жанкешті ерлік жатыр. Ұлы майданда женкештілік танытқандар қатарында Қордай жерінің тумасы, соғыс ардагері, еңбек майталманы ДҮЙСЕМБЕК БЕЙСЕМБАЕВ та болды.

Дүйсембек Бейсембаев 1919 жылы 15 шілдеде Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Кызылсай ауылында дүниеге келген. Кеңес үкіметінің құрылғанына енді ғана үйреніп келе жатқан халықтың ішінде өмірге келген жас бала ер жетіп, ел басына күн туған шақта азаматтық парызын абыроймен атқарды.

1939 жылдың қыркүйегінде Қордай аудандық әскери комиссариаты арқылы Армия қатарына шақыртып, әскер сапына алынады. Бұл кезде оның жасы небәрі 20-да еді. Ел мен жердің амандығын қорғау үшін алдыңғы шепке аттанған бозбала 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған тұста 326-гвардиялық және 190-атқыштар полктері құрамында жауға қарсы қасқайып тұрды. Сол кездегі ең ірі ұрыстардың бірі — Калинин қаласы үшін шайқаста ерлік көрсетіп, сол жылдың тамыз айында оң аяғынан ауыр жарақат алады.

Майдангер 5-ші Витебск атқыштар дивизиясы құрамында, 11-армияның қатарында, Солтүстік-Батыс майданда шайқасты. Қатардағы жауынгер ретінде қолына қару алып, Отан қорғау жолында аянып қалмаған. Соғысты Германия жерінде аяқтаған батыр жауынгер жеңісті өз көзімен көріп, туған еліне аман-есен оралады.

Майдан даласында ғана емес, бейбіт өмірде де аянбай еңбек еткен ардагер 30 жылдан астам уақыт «Трудовик» колхозында мал шаруашылығы саласында, нақтырақ айтқанда, аға шопан болып жұмыс істеді. Еңбекте де алда жүріп, бірнеше мәрте Социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, құрметке бөленді.

Дүйсембек Бейсембаев Ұлы Жеңіске қосқан үлесі мен тынымсыз еңбегі үшін «II дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері» медалімен және түрлі мерейтойлық төсбелгілермен марапатталған.

Бүгінгі ұрпақ үшін мұндай азаматтардың өмір жолы — үлкен тағылым, биік өнеге. «Ер елімен қадірлі» демекші, Дүйсембек атамыздың есімі туған ауылында, ұрпақтарының жүрегінде мәңгілік сақталмақ.

Біз ұмытпаймыз. Біз мақтанамыз.

ҰРПАҚТАРЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.