СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!

0

Сыбайлас жемқорлық — қоғамның дамуын тежейтін, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктеріне нұқсан келтіретін қауіпті әлеуметтік құбылыс. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында бұл мәселенің маңыздылығына ерекше тоқталып, ашықтық пен әділеттілікке негізделген қоғам құруды басты мақсат ретінде белгілеп келеді.

Қордай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі де өз жұмысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлуде. Бөлім қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында тұрғындармен тұрақты байланыс орнатылып, мемлекеттік қызметтер «бір терезе» қағидаты бойынша электрондық форматта көрсетілуде. Бұл халықтың уақытын үнемдеуге ғана емес, сондай-ақ адами фактордың әсерін азайтып, пара алу және беру жағдайларын болдырмауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, бөлім қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Әрбір маманнан заңға сай, адал қызмет ету талап етіледі. Әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін көмек пен қолдау да әділдік пен ашықтық қағидаларына негізделіп жүзеге асырылады.

Біздің басты ұстанымымыз — «Адал еңбек — жарқын болашақ кепілі». Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек жазалаумен емес, оны болдырмаудың жүйелі жолдарын енгізумен жүзеге асады. Сол себепті біз өз жұмысымызда ашықтықты, әділеттілікті және халыққа деген шынайы қызметті басты қағида етіп ұстанамыз.

Қоғам болып бірлесе әрекет еткенде ғана біз бұл індетке қарсы тұра аламыз. Қордай жұртшылығын сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзбеушілік танытуға және өз құқықтарын білуге шақырамыз.

Қордай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.