Ұлы Жеңістің 80 жылдығы — халқымыздың қажырлы еңбегі мен қайсар рухын айшықтайтын ерекше тарихи белес. Бұл күн — тек майдангерлердің ғана емес, тылда тынымсыз еңбек етіп, елге тірек, жеңіске себеп болған жандардың да маңдай тері мен ерлігін еске алатын, ұлықтайтын маңызды сәт.
Осы айтулы датаға орай, Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков тыл ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, ел алғысын білдіріп, рухани қолдау көрсетті. Аудан басшысы соғыс жылдарында елдің еңсесін түсірмей, еңбек майданында қажырмен тер төккен Абуев Серікбай, Нуртаева Іңкәр Шауханқызы және Дышловая Нина Гавриловна сынды ардагерлердің үйлеріне жеке-жеке барып, құттықтады.
«Сіздердің ерен еңбектеріңіз бен төзімділіктеріңіздің арқасында еліміз жеңіске жетіп, кейінгі ұрпақ бейбіт өмірдің рахатын көріп отыр. Тарихтағы ұлы Жеңіске тылдағы жанкешті еңбекпен жеткендеріңіздің орны ерекше. Еңбектеріңіз – ел есінде, ұрпақ жадында. Зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін!» – деді аудан әкімі ардагерлерге.
Жылы жүздесуде ардагерлерге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Алғыс хаттар, Жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы медальдар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Бұл – жай ғана марапат емес, елдің ризашылығының, ұрпақтың тағзымының, рухани жалғастықтың белгісі.
Ардагерлер аудан басшылығы мен елге деген ризашылықтарын білдіріп, елімізге тыныштық, елге береке, ұрпаққа амандық тіледі.
«Бейбіт күннің қадірін біз жақсы білеміз. Соғыссыз, үрейсіз өмір сүру — ең үлкен бақыт. Жастар осы бейбіт өмірдің бағасын білсін, Отанын сүйіп, елге адал қызмет етсін», – деп жүрекжарды лебіздерін жеткізді тыл еңбеккерлері.