ТРАКТОР ТІЗГІНДЕГЕН АНА

0

Ұлы Отан соғысы жылдарында ер азаматтар майдан шебінде жаумен арпалысса, тылда қалған әйелдер мен балалар елдің тіршілігін сақтап қалу жолында аянбай еңбек етті. Солардың бірі — Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген тыл ардагері БӘТИМА (БӘТЕН) НҮСІПБАЕВА.

1923 жылы туған Бәтима ананың балалық шағы ашаршылық пен жоқшылыққа толы қиын кезеңге тұспа-тұс келді. Әкесі Иманбек пен бауырлары Мақыт пен Мәмбетәліні ерте жоғалтқан. Отбасынан соғысқа аттанған туыстары – Ыдырыс пен Ілиясбек Әміржановтар да майдан даласынан оралмады. Екі бірдей боздақтың ерлігі мен өмірі соғыстың ауыр салмағын жан-жүрегімен сезінген отбасының тағдырына таңба салғаны анық.

ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы күрделі тарихи кезеңдер – ашаршылық, жоқшылық, зобалаң жылдары жас қыздың балалық шағын ерте аяқтап, есейуіне себепші болды. Сол уақыттағы жоқшылық пен мұқтаждыққа қарамастан, елдің ертеңіне сенген ауыл жастары қиындыққа мойымай, еңбекпен шыңдалды.

1941 жылы соғыс басталғанда ауыл азаматтары майданға аттанып, тылдағы ауыр жұмыс әйелдер мен жасөспірімдердің мойнына артылды. Анамыз сол жылдарды былай еске алушы еді:

«Сол 1941 жылы ауылға «ХТЗ» (Харковьский тракторный завод) тракторлары келді. Соның бірі мен, екіншісін Күлсін апа тізгіндедік. Түн демей, күн демей жер жыртып, егін ектік. Қамыс шауып, оны арбаға тиеп, түн ауа үйлерімізге оралатынбыз. Үйге келген соң сиыр сауып, май, құрт дайындап майданға жіберетінбіз. Шаршау дегенді білмедік. Тек соғыс тезірек аяқталса екен деп тілеп, бірігіп еңбек еттік», – дейтін.

Соғыстан кейін де елдің еңсесін тіктеу жолында еңбек майданы жалғасты. Бәтима Нүсіпбаева ауыл шаруашылығы саласында – қызылша егу, канал қазу, көгалдандыру жұмыстарына белсене араласты. Жазғы науқанда күннің ыстығы мен жауын-шашынына қарамай, қызылшаны уақытында тапсырғанша жұмыс істейтін. Қыстың қамын жаз ойлап, жұмыс арасында жүн түтіп, жіп иіріп, тұрмысқа қажетті бұйымдар дайындаудан да қол үзбеген.

Ауыл сыртындағы үлкен каналдың қазылуына да атсалысқан жандардың бірі — осы Бәтима ана. Оның қажырлы еңбегінің арқасында бүгінгі күні сол канал арқылы егіс алқаптары суғарылып, ауыл шаруашылығы дамып отыр.

Өмір жолы маңдай термен, адал еңбекпен өрілген Бәтима Нүсіпбаева үш ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсіріп, немере-шөбере сүйіп, әулетінің ардақты бәйтерегіне айналды. Айналасына шуақ шашып, ел-жұртына қадірлі болған аяулы ана 2018 жылдың 30 желтоқсанында 95 жасында өмірден озды.

ХХ және ХХІ ғасырды қатар кешіп өткен Бәтима ананың өмір жолы – бүтін бір дәуірдің шежіресі, тағылымды тарихтың тірі куәсі. Оның еңбекке толы ғұмыры – бүгінгі ұрпақ үшін зор өнеге.

ӘМІРЖАНОВТАР, ҚҰСМАНҒАЛИЕВТАР ӘУЛЕТІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.