1943 жыл. Алапат соғыстың нағыз итжығыс түсіп жатқан кезі. Бірде басқыншылар өңмеңдей алға ұмытылса, бірде Кеңес әскерлері оларды кері ысырып, қиян-кескі ұрыстар жүріп жатты. Ресейдің Новгород облысының Старая Русса қаласы жанынан өтетін Ильмен өзенін жағалай қоныс тепкен шағын ауылдар маңы «жан алысып, жан беріскен» ұрыс даласына айналған. Минадан бұршақ жауып, жаңбырша төгілген оқтан бас көтеру мүмкін емес. Жанған орман, күлі көкке ұшқан үйлер…
Ұрыс қимылы сәл саябырсығанда жанған ауылдан сарбаздарға қарай жанұшыра бір топ әйелдер мен балалар жүгірді. Осы кезде қаныпезер жау соларды көздей минамен атқылай бастады. Қолында бірнеше айлық баласы бар әйелдің жанына жарылған мина оларды мұрттай ұшырды. Жер бауырлап құтқармаққа барған жауынгерлер шырылдаған баланың жан тапсырған анасының кеудесінде жатқанын көреді. Командир Өмірқұл Құлшықов бастаған сарбаздар баланы аман алып қалып, Мария Солдатова есімді санитаркаға тапсырды. Ол оны өз баласындай бағып, өсірген. Ал, сол маңдағы кескілескен майдан даласында Өмірқұл Құлшықов ауыр жараланып, госпитальға түседі.
Бұл Ұлы Отан соғысы ардагері, еңбек ері, шежіреші, тарихшы Өмірқұл Құлшықовтың майдан даласында көрген соғыс сұмдықтарының бір көрінісі. Жаяу әскердің жанын шүберекке түйгізетін мина атты соғыс қаруы талай боздақтың өмірін қиғаны рас. Соған қатысты тағы бір оқиғаны майдангер ұрпағы, сол кездегі қаруластары да кейінгі жылдары жиі еске алып тұрады екен. Жау минасынан ұшқан жарықшақ жауынгерлердің бірінің ішінен тиіп, ішек-құрылысын сыртқа ақтарып тастайды. Осы мезетте өзінің хәлін түсінген сарбаз қаруластарынан атып тастауды өтінеді. Алайда, өз қарамағындағы солдаттың көз алдында өлімге қимаған Құлшықов жанындағылардың көмегімен ішек-құрылысын ішке қайта жинап, сыртынан шинелмен орап, белдікпен қатты тартып, госпитальге жібереді. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» демекші, әлгі сарбаз дәрігерлер көмегімен аман қалып, емделіп, кейін елге оралып, еңбекке араласады. Есімі Сыдық. Қазіргі Ақтерек ауылының тұрғыны болған. Елге оралғанда сол бір жайды үнемі айтып отырады екен, ал госпитальда өлім мен өмір арасында жатқанында өзі жазған өлеңдерін Өмірқұлға олай-бұлай болып кетсем ауылыма тапсырарсың деп аманаттаған. Ол өлеңдер жазылған парақтар әлі күнге Өмірқұл Құлшықовтың ұлы, әке өмірін, майдан жолы мен еңбек жолын әлі күнге зерттеп, тың деректер тауып жүрген ұлы Дәулеткелді Құлшықовта сақтаулы тұр. Аманат орындалған.
Енді майдангердің өміріне тоқтала кетсек. Атақты Өтеген батырдың ұрпағы болып келетін Ө.Құлшықов 1907 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1917 жылы әке-шешеден қатар айрылған, әлі буыны қатпаған бала ерте еңбекке араласуға мәжбүр болады. Араға жылдар сала аталмыш ауданның еңбекті қорғау бөлімінде инспектор, Алматы қаласында орналасқан қазақ полкінде 1929 дан 1932 жылға дейін әскери қызметте болса, одан кейін екі жыл Қызылордадағы партия мектебінде білім алып, сол жерде бірнеше шет тілдерін игере бастайды. Жасынан еңбексүйгіштігі, зеректігі Өмірқұл Құлшықовты жоғары белестерге жетелейді. 1939 жылдан 1941 жылға дейін Алматы облыстық сотында жұмыс істейді. Соғыс басталғанда Жамбыл облысы, Қордай ауданы комиссариаты арқылы шақырылады. Өзбекстанның Әндіжан қаласында әскери дайындықтан өтіп, лейтенант атағын алып шығады. Көп ұзамай майданға аттанады. Солтүстік-Батыс майданының 170 дивизиясы, 391 полкінің 1 батальоны, 1 атқыштар ротасының взвод командирі және пулеметшілер ротасы командирінің орынбасары ретінде соғысқа араласады. 1942 жылы басынан ауыр жарақат алып, емделіп шыққан соң қайта сапқа тұрып, 161 атқыштар бригадасында рота командирі болады. Білікті офицер талай ұрыс қимылдарына қатысып, соңынан ерген сарбаздарға жол бастап, небір кескілескен ұрыстарға қатысады. Ол турасында жоғарыда айтып өткен болатынбыз.
Елге оралған Өмірқұл Құлшықов бар өмірін туған жердің тарихын зерттеуге, дамуына үлес қосуға арнайды. 1945 пен 1953 жылдар аралығында «Искра Ленина» колхозы басшысының орынбасары қызметін атқарса, 1953-1958 жылдары «Искра Ленина» колхозының ревкомитетінің төрағасы болып жұмыс істеді.1948-1975 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болды.
1973 жылы Өмірқұл Құлшықов қана емес жалпы Өтеген батыр ұрпақтары үшін өте маңызы оқиға орын алады. Қапшағай су қоймасының салуына байланысты сонда жерленген Өтеген батырдың сүйегі су астында қалып қоятын болады. Осыны ескерген майдангер жанына жерлестерін ертіп, батыр жерленген жерге барып, қазып алып келіп, қазіргі Өтеген батыр ауылы жанындағы биік қорымға қайта арулап жерлеу жұмысына белсене араласады. Өмекеңнің туған жердің тарихы, мәдениеті мен салтына қызығушылығы турасында басында айтқан едік. Соның бір дәлелі, бірнеше тілді меңгерген ол туған жерге қатысты тарихи деректерді зерттеумен де айналысқан. Мәселен, өз заманының белгілі жазушылары және ғалымдарымен үнемі хат алысып, түрлі тақырыптар бойынша пікір алмасып тұратын болған. Олардың ішінде есімі елге белгілі Жұмабай Шаяхметов, Бауыржан Момышұлы, Әбілхан Қастеев, Кенен Әзірбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Нина Ефимовна Полякова, Измайл Крымский, Әбди Шынбатыров бар. Жұмабай Шаяхметов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған. Ол сондай-ақ, Бауыржан Момышұлымен достық қатынаста болып, батырға өзінің «Қазақ шежіресінен», «Қазақ туралы», «Қаза болған қазақтардың мағлұматы», «Ескерту» сияқты қолжазбаларын сыйға тартады. Ол жазбалар турасында Б.Момышұлы өз кітаптарында көптеген мәліметтер келтірген.
Тағы бір айта кетерлік жәйт, атақты суретші Измайл Крымский Құлшықовтың жазбаларына сүйене отырып Әмір Темірдің портретін салған. Сонау Әндіжан қаласында лейтенанттар дайындайтын курста оқып жүріп әлемге әйгілі Ақсақ Темірдің литографиялық шығармасы қолына тигені көп көмегін берген. Сонымен қатар, Ақсақ Темір, Әл-Фараби, Ибн Сина, Қожа Ахмед Яссауи т.б жайында мол мағлұматтар жинаған. Ал, елімізге белгілі жазушы, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков 1986 жылы жазылған «Асыл арналар» кітабында Өтеген батыр туралы мәліметтер Өмірқұл ақсақалдан алынғанын айтады. Ал, кейіннен жарық көрген «Бәйдібек баба» жинағына да шежірешіл қарттың қолжазбалары пайдаланылған. Ө.Құлшықов болашақ ұрпаққа жеткізу үшін Байсерке, Әлмейін, Тлеміс сияқты қазақ домбырашылары (күйшілер) мен ақындары туралы мәліметтер жинап, жазбалар жасап кеткен адам.
Айта берсек, Өмірқұл ақсақалдың ел қорғанынан бөлек туған жердің тарихын зерттеуде үлкен еңбектер атқарғанын байқаймыз. Бұл елім деген азаматтың нағыз көрінісі.
Ал, майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағынан басқа орден, медальдардың барлығы майдангердің кеудесіне тағылған. 2019 жылы майдангердің ұлы Дәулеткелді Құлшықов «Әке көрген оқ жанар…» демекші асқар тау әкесінің құрметіне оның қалдырған мол мұрасын қастерлеп жинап, Өтеген батырдың 320-жылдық мерейтойы қарсаңында «Мүйізді Өтегеннің-мүйізді ұрпағы» атты кітапты «Нұрлы әлем» баспасынан басып шығарды. Бұл тек Қордай жеріне ғана емес жалпы қазақ еліне жасалған сый болған еді.
Құрмет демекші, жақында жақсы жаңалықтың нышаны білінді. Өмірқұл Тәнекеұлы Құлшықовтың есімі Өтеген ауылындағы бір көшеге берілетін болыпты. Ел ағалары бірігіп арнайы орындарға жазылған хат қараусыз қалмай, нақты жауабы беріліп, қазір құжаттарын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Өзі талай еңбек сіңірген, жаудан қорғап, тарихын түгендеген өңір жұрты Өмекеңнің өнегелі өмір жолын білгені дұрыс.
Ж.ОМАРОВ