БІР ҮЙДЕН АТТАНҒАН АЛТЫ ҰЛ

0

Ел 1930 жылдардағы ашаршылықтан енді есін жиып келе жатқанда 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Қасық ауылының тұрғыны БЕДЕЛБАЙ АТАНЫҢ шаңырағынан 6 ұлы майдан даласына жөнелтіліп, 5 ұлы оралмаған. Бүгінде туған-туыстары бас қосып, қаһармандарын еске алып, ас берді.

Бұл сұрапыл соғысқа Қордай ауданына қарасты, Қасық ауылынан 300-ге жуық азамат аттанған екен. Олардың 200-ге жуығы оқ пен оттың арасынан оралмаған. Уақыт өткен сайын сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары алыстап барады. Десек те кеудесін оққа тосқан бабаларымыздың ерен ерліктері ұмытылмайды. Соғыс қаншама отбасын әкесіз, баласыз, туыссыз қалдырды, қаншама ана мен балаға қасірет шектірді?! Миллиондаған азаматтар соғыстың зардабын тартты. Отан үшін от кешіп, оққа кеудесін тосты. Екінші дүниежүзілік соғыс қасіретінің ауырлығы соншалық, қан майдан аяқталғанына 80 жыл өтсе де да көңіл мен жүректегі нала әлі де елес беріп жатады. Соның бірі, Қасық ауылынан аттанаған боздақтар жайын оқырманға жеткізуді жөн көрдік. Мән-жайды рет-ретімен баяндасам, соғыс басталған тұста Қасық ауылының тұрғыны Беделбай ата мен Мәйкө ананың шаңырағынан 6 ұлы майдан шебіне жөнелтіліпті. Сол ұлдарының ішінен Әбдіқожа Беделбайұлы ғана елге аман келіп, қалған 5 ұлы майдан даласынан оралмаған екен. Сол сұм соғыстан қайтпаған 5 ұлдан «қара қағаз» алған Мәйкө ананың (Беделбай атаның жары) қайғы-қасіретін сөзбен айтып жеткізу қиын шығар.

Беделбай ақсақалдың ұрпақтары соғыстан қайтпаған 5 азаматты барынша іздестіріп көрген еді. Енді солар туралы қысқаша айтып өтсек:

ӘБДІРАХЫМ БЕДЕЛБАЙҰЛЫ туралы өкінішке орай ақпарат жоқ.

ӘЛІБЕК БЕДЕЛБАЙҰЛЫ – мәлімет бойынша 108 атқыштар дивизиясында лейтенант шенінде, взвод командирі болған, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған екен. 1944 жылы Польшаны азат етуде қаза болып, хабар-ошарсыз кеткен. Сонымен қатар, 1930 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде білім алып, бірқатар лауазымды қызметтер атқарған. Атап айтсақ, Шу ауданында комсомол комитетінде, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында партия комитетінде жауапты қызметтер атқарса, 30-шы жылдардың соңымен 40-шы жылдарда Семей облысының Аягөз аудандық атқару комитетінің төрағасы болған екен.

НҰРЛАН БЕДЕЛБАЙҰЛЫ – гвардия аға сержанты, Тамбов қаласындағы үздік мергендер мектебін аяқтап, майданға қатысқан. 1-ші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталған. 1944 жылдың ақпан айында Беларусия елінің Гомель облысында хабар-ошарсыз кеткен.

НҰРАҚ БЕДЕЛБАЙҰЛЫ – гвардия аға сержанты, ұлы жеңіске санаулы күндер қалғанда, яғни 1945 жылы 24 сәуірде Чехословакия елінде қаза тапқан. Мәйіті сол елде бауырластар зиратында жерленген деген дерек бар.

ЕРЖЕНБАЙ БЕДЕЛБАЙҰЛЫ – хабар-ошарсыз кеткен (артында ұрпақ қалмады).

ӘБДІҚОЖА БЕДЕЛБАЙҰЛЫ – гвардия капитаны шенінде рота командирі болып, «Ерлігі үшін» медалімен және 2-ші дәрежелі «Даңқ»,

2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталып, елге аман-есен оралды. Елге келген соң бейбіт өмірдің тіршілігіне де белсене атсалысып, көршілес Алға ауылдық кеңесінің төрағасы (сельсовет) болып қызмет атқарды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.