Кітапханашы – білімнің шамшырағы

0

Көрнекті жазушы Оралхан Бөкей бір сөзінде: «Адамға ауа қандай қажет болса, кітапхана да сондай қажет» деген еді. Ұлттың рухани азығы болып табылатын асыл мұраларымыз жинақталған кітапхананың бүгінгі қоғамда алар орны ерекше.

Осы орайда, Қақпатас ауылының кітапханашысы Гүлмира Қожамқұлованың еңбегі ерекше назар аударуға лайық деуге болады. Шу ауданының Оразалы ауылында дүниеге келген кейіпкеріміз, жастайынан білім ізденуге құмар болып өсті. Ол 1973 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепке қабылданып, 1983 жылы аталған білім ордасын үздік деген бағаға аяқтайды. Содан, анасының ізін қуып, сол жылдары Тараз қаласындағы Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне түсіп, араға екі жыл салып «кітапхана ісі» мамандығын меңгеріп шықты. Алғашқы еңбек жолын жас маман ретінде өзі түлеп ұшқан мектебінде бастап,  «Аға-пионер вожатый» лауазымында екі жылға жуық қызмет атқарады. Әрмен қарай, 1986 жылы Арғынбай Қожамқұлов деген азаматқа тұрмысқа шығады. Бүгінде отбасылық өмір мен кәсіби қызметін ұштастырған Гүлмира Қожамқұлова жолдасымен бірге төрт бала тәрбиелеп, бес немереге ата-әже атануда.

Кітапхана саласында 2014 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Гүлмира, әлі де осы саланың қазанында қайнап келеді. Ол қажырлы еңбегінің арқасында ауыл тұрғындарының зор алғысы мен құрметіне бөленген өз ісінің маманы. Сонымен қатар, білімге құштар жандарға жол сілтеп, кітап әлеміне енудің қыр-сырын үйретуде талмай еңбектеніп келеді.

Кейіпкеріміздің айтуынша,  ол өзі әдеби әңгімелер мен романдарды оқуды ерекше ұнатады.

«Өмірде өз жүрек қалауымен таңдаған мамандығын өмір бойы сүйіп өтетін жандар болады. Кітапханашы мамандығына өз қалауыммен түскен едім. Осы салада жұмыс істегеніме 11 жыл болыпты. Өз кәсібімді сүйетін жанның бірімін. Білікті маман болу үшін, заманауи ақпараттарды біліп, әрқашан ізденіс үстінде болу қажет. Келуші оқырмандарға көбінесе Шерхан Мұртазаның шығармалары, Абайдың қара сөздері мен өлеңдері, Мұхтар Әуезовтың туындыларын оқуды кеңес беріп отырамын»,-дейді кітапханашы.

«Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық құндылықтарымыз бен бірегейлігімізді сақтау – аса маңызды. Жастарды кітап оқуға баулып, рухани тәрбиені ұлттық негізде дамыту – біздің басты мақсатымыз. Кітап – адамның ой-өрісін кеңейтіп, рухани байытатын ең құнды құрал, оны ешбір ақпарат көзі алмастыра алмайды»,-деген облыс әкімі Е.Қарашөкеев 2025 жылды Жамбыл облысында «Кітап оқу жылы» деп жариялаған болатын.

Иә, әр сала жұмысының өзіндік қиындығы мен қызығы қатар жүреді емес пе?! Кітапхана саласының да қиындығына шыдап, қуанышына марқая білген Гүлмира Қожамқұлованың еңбегі көпке үлгі. Өскелең ұрпақ бойына өнегелі тәрбие беруде аянбай еңбек ететін қызметкерлер қатары көбейе берсін.

Райхан Ережепбай, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің студенті, «web-журналистика факультеті»

Leave A Reply

Your email address will not be published.