ЖАС СПОРТШЫЛАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

0

Қордай ауданына жұмыс сапары барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі жанындағы Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов Қаракемер ауылына арнайы ат басын бұрды. Мұндағы Молдасейіт атындағы №2 балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубында ол жас спортшылармен жүздесті.

Шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Лугмар Буларов және ауыл тұрғындары қатысты.

Кездесуде сөз сөйлеген Марат Алмасұлы бұл жүздесудің Мемлекеттік рәміздер күнімен тұспа-тұс келуінің ерекше мәнге ие екендігін атап өтті.

– Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің нышаны ғана емес, еліміздегі әр ұлт пен ұлысты бір мақсатқа жұмылдыратын ортақ құндылық. Оларды құрметтеу – әр азаматтың парызы. Қазақстан халқы Ассамблеясының басты миссиясы да – осы ортақ құндылықтар аясында елдің болашағына қызмет ету. Осы орайда, Қордай ауданы – Қазақстандағы бейбітшілік пен татулықтың жарқын үлгісі. Мұнда түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл – бірлік пен өзара сыйластықтың нақты көрінісі, – деді Марат Алмасұлы.

Сонымен қатар, Марат Әзілханов спорттың ел болашағы – жастар тәрбиесінде алатын орнын ерекше атап өтті.

– Осындай ауылдық жерлерде спорттық нысандардың жұмыс істеуі – үлкен жетістік. Сіздерге сәттілік тілеймін, жеңістеріңіз көп болсын, – деді мәртебелі мейман.

Кездесу соңында жас спортшылар қонақтарға өз шеберліктерін көрсетіп, жаттығуларын паш етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.