Елімізде 2025 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар» жылы болып бекітілгені белгілі. Соған сәйкес, ауданымызда аталмыш жылды дәріптеуге бағытталған ауылдық округтер арасындағы өнер фестивалі бастау алған еді.
Бұл жолғы өткізу мәртебесі ынтымағы жарасқан мекен – Отар ауылдық округіне табысталған болатын. Жұма кешінде жалауын желбіреткен фестиваль аудан орталығындағы «Жасыл» саябақта өткізілді. Дәстүрлі кештің маңызды бөлігінде округ әкімі Дидар Есімов сөз алып, Мамандықтар жылы аясында қолға алынған шараның маңыздылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шараның тартысты өтуіне ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары, ауыл әкімдігі аппаратының қызметкерлері мен ауыл жастары бір кісідей атсалысты. Шара аясында Жұмысшы мамандықтар жылы тақырыбында көрме ұйымдастырылды.
Ауыл тұрғындарының туған өлкесіне сүйіспеншілігін арттырып, еңбек адамдарына деген сый-құрметін еселеуді көздеген шара соңында округ әкімі ұлттық ойындарға белсене қатысқан бірқатар азаматтарға алғыс хаттар табыстап, ілтипатын танытты.
Айта кетейік, арнайы тағайындалған әділ қазылар құрамы жыл соңында аталмыш сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтайтын болады.