Қордай ауданына қарасты, Қарасай батыр ауылында ауыз су құбыры желілерінің ашылу салтанаты өтті.
Қарасай батыр ауылында тұрғындар көптен күткен маңызды жаңалықтың бірі жүзеге асып, жаңа ауыз су құбыры желілерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға, елді мекеннің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған игі бастама ауыл халқы үшін ерекше қуанышқа айналды. Салтанатты шараға Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Құттықов, аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков, ауыл ақсақалдары, мекеме басшылары, ауыл тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиын барысында ауыл өміріндегі айтулы оқиғаның маңызы айтылып, ел игілігі жолында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі атап өтілді. Таза ауыз сумен қамтамасыз етілу – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Мемлекет тарапынан ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды бастамалардың нәтижесінде Қарасай батыр ауылында су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, тұрғындардың игілігіне пайдалануға беріліп отыр. Бұл жобаның басты ерекшелігі – су құбыры құрылысының прокуратура органдарының жұмысы нәтижесінде мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылуы. Яғни, қайтарылған қаражаттың халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге, ауылдардың инфрақұрылымын дамытуға бағытталуының нақты көрінісі. Салтанатты жиында сөз алған аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтап, жаңа нысанның ерекшелігіне тоқталды. Оның айтуынша, Қарасай батыр ауылындағы ауыз су құбыры желілерінің құрылысы прокуратура органдарының жұмысы нәтижесінде мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асқан. Бұл – заңдылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың нәтижесі халықтың игілігіне жұмсалып, әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асуына жол ашып отырғанының айқын көрінісі.
«Бүгінгі ашылып отырған ауыз су құбыры – прокуратура органдарының қайтарылған активтерді мемлекет игілігіне бағыттау жұмыстарының нақты нәтижелерінің бірі. Мемлекетке қайтарылған активтердің халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалуының маңызы зор. Қарасай батыр ауылындағы бұл жоба да – соның бір дәлелі. Таза ауыз су – әрбір азаматтың өміріндегі маңызды қажеттілік. Сондықтан осындай әлеуметтік маңызы бар нысандардың ел игілігіне берілуі – үлкен жетістік. Жаңа су құбыры ауыл тұрғындарына ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, әр шаңыраққа береке мен молшылық әкелсін!», – деді Қайыржан Еркінбекұлы.
Өз кезегінде, аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Бауыржанұлы ауыл тұрғындарын айтулы қуанышпен құттықтап, жаңа нысанның ел игілігі үшін маңыздылығына тоқталды.
«Ауыз су – адам өмірінің ең басты қажеттіліктерінің бірі. Сондықтан ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Бүгін Қарасай батыр ауылында көптен күткен су құбыры желілерінің іске қосылуы – осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижесі. Бұл нысан ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, күнделікті өміріне қолайлылық әкеледі деп сенеміз. Алдағы уақытта да елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады. Жаңа нысан баршаңызға құтты болсын!» – деді ол.
Бұдан кейін су құбыры желілерінің ресми ашылу рәсіміне кезек беріліп, ауыл ақсақалдары ақ баталарын берді.
Рәсімнен соң аудан әкімінің орынбасары мен арнайы келген қонақтар жаңа су құбыры нысанын аралап көрді. Жауапты мамандар атқарылған жұмыстардың барысы мен су жүйесінің техникалық мүмкіндіктері жөнінде түсіндірме берді. Осыдан кейін, делегация мүшелері ауыл тұрғындарының бірінің шаңырағына арнайы барып, жаңа тартылған су құбырынан аққан мөлдір судан дәм татты. Қонақтар ауыз судың тұрғын үйлерге берілу барысымен танысып, оның сапасына көз жеткізді.
Әділет САТЫШЕВ