Құрметті аудан тұрғындары мен қонақтары!
Қордай ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің әкімшілігі хабарлайды:
2025 жылғы 12 маусымдағы мәліметке сәйкес, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қаупінің деңгейі «жоғары» және «төтенше» (IV–V сынып) болып белгіленгенін ескертеді. Осыған байланысты орман алқаптарында сақтық шараларын күшейтіп, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажет екенін ескертеміз.
Өрт – аса қатерлі жау. Сондықтан оған бей-жай қарауға болмайды. Айтып келмейтін апаттардан сақтану да күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Күннің күрт ысуына байланысты табиғи өрттердің орын алу қаупі арта түседі. Аптап ыстық пен қуаңшылық кезеңінде ормандардағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңызы өте зор. Өрттердің көбі орман қорына көршілес орналасқан шаруа қожалықтары және ауыл шаруашылығы ұйымдарына тиесілі шабындықтарда өсімдік қалдықтарын жағу салдарынан болады. Сондай-ақ, табиғат аясында демалушылар мен тұрғындардың өрт қауіпсіздігі шараларын сақтамауы да орын толмас қайғылы оқиғаларға ұрындырады. Өрттің де, судың да артында адамның тағдыры тұр. Әсіресе жаз мезгілінде, ауа температурасы шамадан тыс көтерілгенде, қуаңшылық орын алған жерде өрттің өршитіні белгілі. Шөптердің жануына далада жатқан шыны, сынық әйнектердің қызуы, жол бойында автокөліктерден лақтырып кеткен өшірілмеген темекі тұқылдары, найзағай, шөп ору жұмыстарына қатыстырылатын тракторлар мен агрегаттардың жарамды шоқ өшіргішпен жабдықталмауы себеп болуы ықтимал. Қас-қағым сәтте қалың орманның өзін күлге айналдырып жібереді. «Қазақстан Республикасының ормандарындағы өрт қауіпсіздігі» ережесіне сәйкес, жас ағаштар, кесілген ағаш қалдықтары мен дайындалған кеспе ағаштар, шөбі қурап қалған жерлер маңайында от жағуға тыйым салынады. Орманды өрттен қорғау – әрбір адамның міндеті.
М.КАРИБАЕВ, Қордай ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ-нің ОӨСС-нің басшысы