Таяуда аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай төрағалық еткен жиынға комиссия мүшелері, бөлім, мекеме басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – аудандағы білім беру ұйымдарында балаларға қатысты ерте жүктіліктің, қатыгездік және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндаманы білім бөлімінің басшысы С.Әшірбеков назарға ұсынды. Өкінішке орай, аудандағы кәмелет жасына толмаған қыздардың арасында ерте жүктілік және ерте некелесу мәселесі әлі де орын алуда. Кәмелетке толмай жатып ана атанушылар қатарының артуы «қызға қырық үйден тыйым» сынды көзқарастың бұл мәселеде аздық ететінін аңғартып отыр. Сондықтан да комиссия мүшелерінің айтуынша, мектептердегі осы бағыттағы жұмыстарды арттыру қажет. Сондай-ақ, комиссия мүшелерінің сөзінше орта білім беру мекемелері мен колледждердегі жағдай оң-солын енді тани бастаған жасөспірім үшін әр түрлі болады. Мектепке өз үйінен қатынайтын балаға қанша дегенмен бақылау басым. Ал, тоғызыншы сыныптан кейін орта кәсіптік білім беру ұйымдарына түскендердің жүріс-тұрысы еркіндеу. Осыған байланысты Дамира Маратқызы ата-аналар басқа жақта оқып жатқан ұлдары мен қыздарының тәртібіне жете көңіл бөлуі керек дейді.
Баяндамадан белгілі болғандай, ерте некелесу проблемасы Сарыбұлақ және Масаншы ауылдық округтерінде көбірек. Бұл сол елді мекендерде өмір сүретін халықтың салт-дәстүрімен байланысты болса керек. Алайда, заңмен қатар, балиғат жасына толмаған қызға ерте некелесудің физиологиялық, психологиялық тұрғысынан да қауіпті екені айтпаса да белгілі. Осының барлығын атап өткен комиссия мүшелері аталмыш бағыттағы жұмыстарға ерекше назар аударылуы керектігін айтты.
Жиында отбасылық зорлық-зомбылық көрген әйелдердің құқығын қорғау бойынша атқарылған жұмыстар туралы да баяндама тыңдалды. Осы ретте Қордай ауылында қиын жағдайға душар болған әйелдерге қолдау көрсететін арнайы орталықтың жұмысы назардан тыс қалған жоқ. Бұл орталықтың мамандары тағдыр тәлкегіне ұшыраған әйелдерге әрдайым қолдау көрсетуге дайын екені белгілі.
Отырыста Алға, Масаншы, Сарыбұлақ ауылдық округтеріндегі әйелдер кеңесінің төрайымдарының атқарып жатқан жұмыстары тыңдалды. Осы орайда Дамира Сүгірбай әйелдер кеңесінің жұмысына қатысты өз ұсыныстарын айтып, қыз-келіншектерді қолдау, көмек көрсету және қоғамдық өмірге тарту керектігін жеткізді.
Е.ҚАТБЕКОВ