Жаз – еңбек қыза түсіп, құрылыс жұмыстарының қарқын алатын мезгілі. Бұл уақытта түрлі инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылады. Қазіргі таңда Қордай ауданында да ауқымды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Аудан әкімдігінің құрылыс бөлімі ұсынған мәліметтерге сәйкес, биыл өңір бойынша бірқатар іргелі жобалар қолға алынып, жаңа нысандардың іргетасы қалануда.
Қазіргі таңда тұрғын үй мәселесі – халықтың көкейінде жүрген басты мәселелердің бірі. Осыған байланысты аудан көлемінде бірнеше тұрғын үй нысандарының құрылысы қарқынды жүруде. Мәселен, Қордай ауылындағы «Батыс» шағын ауданында салынып жатқан №3 және №4 бес қабатты 60 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысы 2021 жылдан бері өтпелі жоба ретінде жүзеге асып келеді. Алайда, құрылыс мерзімінің созылып кетуіне байланысты 2023 жылы аудан әкімдігі мен мердігер компания арасындағы келісімшарт сот арқылы бұзылып, бюджетке аванстық төлемдер қайтарылған болатын.
Бүгінде бұл құрылысты «ЭСТИМАТ» ЖШС жалғастыруда. Компаниямен өткен жылдың соңында келісімшарт жасалып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы орындалған. Бұл тұрғын үйлер 2025 жылдың тамыз айында толық аяқталып, 120 отбасы жаңа баспанаға қоныстанады деп күтілуде.
Сонымен қатар, биыл Қордай ауданы бойынша тұрғын үй сатып алуға 144 пәтер қарастырылып, өткен айда осы пәтерлердің кілттері тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға аудан әкімінің қатысуымен салтанатты түрде табысталды. Бұл – аудандағы баспана мәселесін кезең-кезеңімен шешуге бағытталған нақты қадамдардың бірі.
Соңғы жылдары Қордай ауданында мәдени нысандардың құрылыс жұмыстары да жандана түсті. Соның бір дәлелі – Үлкен Сұлутөр ауылында бой көтеріп жатқан 90 орындық мәдениет үйі. Жобаның жалпы құны – 258,6 млн теңге. Құрылыс жұмыстарын «Астанаэнергомастер» ЖШС жүргізуде. Қазіргі уақытта жұмыс кестесіне сәйкес құрылыс жұмыстары 75 пайызға орындалған. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін ауыл тұрғындары көптен күткен мәдениет ошағына қол жеткізбек.
Инфрақұрылым – ел дамуының басты көрсеткіштерінің бірі. Бұл бағытта да ауданда ауқымды жобалар жүзеге асуда.
Ауқатты ауылының жаңа тұрғын алқабында электр желілерінің құрылысы басталды. Бұл жұмыстарды «ТаразСтрой-2004» ЖШС атқаруда. Жоба биылғы жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарланған. Бұл – ауыл тұрғындарына жаңа жер учаскелерінен үй салып, қоныстануға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Ауқатты ауылында су құбыры желілерінің инженерлік инфрақұрылымын тарту жұмыстары да аяқталуға жақын. «Байсын-А» ЖШС жүргізіп жатқан жұмыстар тамыз айында толығымен аяқталады деп күтілуде.
Аудан көлемінде ауыл шаруашылығына қажетті суармалы алқаптарды дамыту мақсатында да маңызды жобалар іске асуда. Соның бірі – Қайнар ауылындағы 3800 гектар суармалы жерді сумен қамту жобасы.
Бұл жоба аясында қысымды су құбыры салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарын 2023 жылы «ТаразСтрой-2004» ЖШС бастаған. Бүгінде 8 шақырым полиэтилен құбыры орнатылып, су сорғы станциясынан кейінгі негізгі арнаға су құю жұмыстары аяқталған. Аванкамера орнату 90%-ға орындалса, электр желілері мен қосалқы станциялар да толық орнатылған. Қазіргі таңда суару сорғы станциясы мен су шығару құрылғыларын монтаждау, жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде. Шілде айында алып насос қондырғылары іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл – шаруалар үшін үлкен жаңалық, мол мүмкіндік екені анық.
Тағы бір маңызды, айта кетуге тұрарлық дүние — аудан бойынша 20-дан астам жобаға жобалық-сметалық құжаттамалар (ЖСҚ) дайындалып, олар бойынша бюджеттік өтінімдер құрылыс басқармасына тапсырылыпты. Жекелей тоқталсақ, Бұлар батыр ауылында 180 орындық мәдениет үйі, Қордай ауылында спорттық ипподром, Жамбыл ауылында спорт кешені, «Батыс» шағын ауданындағы кәріз суларын тазартуға арналған станция, Алға, Қаракемер, Ноғайбай ауылдарындағы мәдениет үйлері, Қордай ауылындағы 270 төсектік аудандық ауруханаға инженерлік инфрақұрылым тарту, Гвардейск кентіне қазандық пен газ құбыры құрылысын жүргізу, Үлкен Сұлутөр, Көктөбе, Керу, Кенен, Жанатұрмыс, Сұлутөр, Қарасай батыр, Қызылсай, Бел, Күнбатыс-1 ауылдарының сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту.
Жоғарыда аталған жобалардың барлығының құжаттары дайын. Енді қаржыландыру мәселесі шешілсе, аталған елді мекендерде жаңа құрылыстар басталмақ.
Қордай ауданында тұрғын үй, мәдениет, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы және спорт салалары бойынша ауқымды құрылыс жобалары жүзеге асуда. Әзірленген жобалар сәтімен жүзеге асса, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берері анық. Ең бастысы – нақты жоспар мен дайын құжаттар бар. Ендігі кезекте – бюджеттік қолдау мен құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуы.
Жандос ОМАРОВ