ИГІЛІККЕ БЕРІЛГЕН СПОРТ АЛАҢЫ

0

Қаракемер ауылында ауыл тұрғындары мен жас ұрпақ үшін маңызды әрі қуанышты оқиға орын алды. Ауылдың игілігіне арналған жаңа спорт алаңы салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Ауыл өміріндегі айтулы жаңалыққа ауыл тұрғындары, қадірлі қонақтар, ауыл ақсақалдары мен спортсүйер қауым жиналып, қуанышқа ортақтасты.

«Спорт – денсаулық кепілі, саламатты ұрпақ – ел болашағы!» деген ұлағатты ұранмен өткен салтанатты шара көтеріңкі көңіл күй мен ерекше ықыласқа толы болды. Мерекелік жиын ұлттық нақыштағы әсем көріністермен басталды. Спорт алаңының кіреберісінде ұлттық киім киген әжелер шашу шашып, жаңа нысанның ашылуына ақжарма тілектерін арнады.

Алғашқы құттықтау сөз Қордай ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұлға берілді. Ол өз сөзінде ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамыту – өскелең ұрпақтың денсаулығы мен жарқын болашағына бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.

«Бүгін Қаракемер ауылында баршамыз үшін қуанышты әрі маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Жаңа спорт алаңының ашылуы – ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш, әсіресе жасөспірімдер мен балалар үшін тамаша мүмкіндік. Спорт – денсаулықтың кепілі ғана емес, ол адамды тәртіпке, төзімділікке, жауапкершілікке және жеңіске деген жігерге тәрбиелейді. Осындай спорттық нысандардың көбеюі ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен жүйелі түрде айналысуына жол ашады. Ең бастысы, осы алаңнан ел намысын қорғайтын талай жас спортшы шығып, биік белестерді бағындырсын. Жаңа спорт алаңы құтты болсын! Ауыл игілігіне ұзақ жылдар қызмет етсін!» – деп ізгі тілегін жеткізді.

Келесі кезекте сөз осы игі істің жүзеге асуына үлес қосқан Молдасейітовтер әулетіне берілді. Ол ауылдың дамуына, әсіресе жас ұрпақтың денсаулығы мен тәрбиесіне бағытталған бастамалардың әрдайым маңызды екенін жеткізіп, туған ауылдың өркендеуіне үлес қосу – азаматтық парыз екенін атап өтті.

«Туған ауылдың көркеюі, оның игілігі үшін жасалған әрбір іс – баршамызға ортақ қуаныш. Бүгінгі ашылып отырған спорт алаңы ауыл балалары мен жастарының сүйікті мекеніне айналады деп сенемін. Біздің мақсатымыз – өске-лең ұрпақтың спортқа қызығушылы-ғын арттырып, олардың дені сау, рухы мықты болып өсуіне жағдай жасау. Балаларымыз бос уақытын тиімді пайдаланып, осы алаңда шынығып, достық пен бірліктің қадірін түсінсе, еңбегіміз-дің ақталғаны. Жаңа спорт алаңы ауылымызға құт-береке әкеліп, талай жетістіктің бастауына айналсын!» – деді Әлімтай Құсайынұлы.

Осыдан кейін, жаңа істің бастауын үлкендердің ақжарма тілегімен бекітуді жөн көрген ұйымдастырушылар ауылдың қадірлі ақсақалы Бауыржан Орынтай мен меценат Сәрсебек Салыбаевты ортаға шақырды. Ақсақалдар тілектестіктерін білдіріп, жаңа спорт алаңының құтты мекенге айналуын, ауыл балаларының спортта биік белестерді бағындыруын, ел ішінде ынтымақ пен береке салтанат құруын тіледі. Көптен күткен сәтте жаңа спорт алаңының лентасын қию рәсімі өтті. Құрметті қонақтар салтанатты түрде лента қиып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты.

Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімі ұйымдастырылып, жиналған қауым елдік пен бірліктің нышаны саналатын Мемлекеттік Әнұранды бірге орындады. Бұл сәт мерекенің мәнін арттырып, қатысушыларға ерекше рух пен патриоттық сезім сыйлады.

Шарада жаңа спорт алаңының алғашқы спорттық көрсетілімдері көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда, футболдан шағын ойын ұйымдастырылып, жас спортшылар өздерінің жаттығу шеберліктерін көрсетті. Сонымен қатар доппен түрлі шеберлік көрсетілімдері өтіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жас спортшылардың белсенділігі мен спортқа деген қызығушылығы жаңа алаңның алдағы уақытта талай таланттың талабын ұштайтын маңызды орынға айналатынын аңғартады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.