ЖАҢАРҒАН СТАДИОН ЕЛ ИГІЛІГІНЕ

0

Қордай ауданында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және жастардың бос уақытын тиімді өткізу бағытындағы ауқымды жұмыстар өз жалғасын табуда. Осы орайда, Қордай ауылындағы орталық стадион толық қайта жаңғыртудан өтіп, бүгін халық игілігіне берілді.

Айтулы шараға аудан әкімі Бегзат Болатбеков, ауыл ақсақалдары, спорт ардагерлері, мердігер компания өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысып, қуанышты ортақтасты.

Мемлекет басшысының бастамалары мен аудандағы әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарының аясында жүзеге асқан бұл жобаның сапасы басынан бастап аудан басшылығының бақылауында болды. Атап өтсек, бұған дейін аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы стадионға бірнеше рет арнайы барып, жүргізіліп жатқан жұмыстар сапасына әрдаймы мән беріп келген болатын.

«Мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуы, құрылыс сапасының заманауи талаптарға сай болуы – басты назарда. Әрбір іске жауапкершілікпен қарап, нысанды сапалы түрде ел игілігіне тапсыруымыз қажет», — деп мердігер мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеген еді.

Бүгінгі таңда ауыл тұрғындары мен спорт сүйер қауымға есігін айқара ашқан жаңа спорт кешені барлық талаптарға толық жауап береді. Жаңартылған стадионда көк майсалы үлкен футбол алаңы, жүгіру жолақтары, көрермендерге арналған орындықтар, заманауи жаттығу және жуыну бөлмелері, сыртқы жарықтандыру жүйесі, автокөлік тұрағы және салтанатты шараларды жоғары деңгейде өткізуге арналған арнайы трибуна қарастырылған. Сонымен қатар шағын футбол, волейбол мен баскетбол алаңшалары бар.

Айта кетейік, нысанның тапсырыс берушісі – аудан әкімдігінің құрылыс бөлімі. Құрылыс жұмыстарын «BIG Building NS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарса, «ИСА СТРОЙ КОМПАНИЯ» ЖШС – техникалық, ал «Жансерік құрылыс» ЖШС авторлық қадағалау жұмыстарын жүзеге асырды.

Салтанатты жиында сөз алған ауыл ақсақалдары мен ардагерлер өңірде атқарылып жатқан игі істерге ризашылықтарын білдіріп, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа мол алғыстарын айтып, мұндай заманауи нысандар тек үлкен қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де бой көтергені бұл аймақтарға деген үлкен ықылас, олардың дамуына деген мемлекеттің үлкен қолдауы деп білген жөн, деп жаңара түскен спорт нысанынан ел намысын қорғайтын саңлақтар мен чемпиондар шығатынына сенім білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.