ЖАСТАРҒА ЗОР МҮМКІНДІК

0

Елімізде 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Дипломмен ауылға» жобасы кадр тапшылығын шешу, жастардың қалаға кетуін азайту мақсатында ауылдық жерлерге білікті жас мамандарды тартуға бағытталған. Өйткені, Қазақстанның болашағының құрылысшылары – бүгінгі жастар. Жобаға қатысушылардың бірі Сандуғаш Тілепбаева. 2018 жылы Б.Бөлтрікова атындағы мектеп-лицейді бітіріп, сол жылы университетке оқуға түсті. 2022 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін үздік бітіріп, бүгінде балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында «Жас биолог» үйірмесінде қосымша білім беру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.

-Мен биология пәнінің мұғалімімін, жұмыс орнын таңдауда бір ғана шешім болды – балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы. Өйткені мен мұнда мектеп жылдарында түрлі үйірмелерге қатысып жүрдім. Ұстаздарымыз қатты ұнайтын, сол кезде-ақ өскенде балалармен жұмыс жасайтынымды анық білдім, – дейді Сандуғаш Маратқызы.

Сандуғаш екі топпен жұмыс істейді, топта 12 бала білім алуда. Балалардың биология және экология пәндері бойынша ой-өрісін кеңейту, танымдық белсенділіктерін дамыту, сонымен қатар биология ғылымдары мен сабақтас мамандықтарға қызығушылықтарын қалыптастыру бағытында жұмыс істейді.

Балалармен жұмыс істеген екі жыл ішінде Сандуғаштың шәкірттері жетістіктерге жетіп үлгерді. Мәселен, С.Тлепбаеваның жетекшілігімен Айбану Әмерқұлова «Туризм энциклопедиясы» республикалық жас туристер байқауында бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ Айбану облыстық байқаудың «Музей педагогикасы» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Жас биолог Айбану балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен 12-15 жас аралығындағы оқушылар арасында өткен «Қыс қызығы» эссе байқауында да үздік деп танылды. Ал Дана Десден аудандық «Жырлайды жүрек» іріктеу байқауында жүлделі үшінші орынды иеленді. Сонымен қатар, үйірме жетекшісінің атына берілген алғыс хаттар мен Құрмет грамоталары да аз емес.

-Оқушыларыммен мақтанамын, әрқайсысы жаңа дүниені үйренуге құштар, — дейді Сандуғаш. – Оларды оқыту маған ұнайды, жетістіктерін көргенде қуанамын.

Айта кетейік, Сандуғаш бес балалы отбасының ортаншысы. Оның екі әпкесі және екі егіз інісі бар.

– Бұған дейін өз үйіміз болған жоқ. «Дипломмен ауылға» жобасы мен сияқты жас мамандар үшін нағыз стимул әрі қолдау, – дейді кейіпкеріміз. — Өткен жылы мемлекеттік қолдаудың арқасында маған 100 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Қаражатқа мен «Красный партизан» ықшам ауданынан жеке үй сатып алдым. Жақында ата-анам менімен бірге тұратын болады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жүзеге асып жатқанын естігенмін, бірақ қатыса алатынымды кейін білдім. Мен бірден мүмкіндікті пайдалануды ұйғардым, барлық қажетті құжаттарды жинап, өтініш бердім. Өте қуаныштымын және өзімнің сүйікті жұмысымды одан да ынталы орындауға тырысамын.

Айта кетерлігі, елімізде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы он алты жыл уақыт бойы жүзеге асырылып келеді; денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен және жергілікті басқару салаларының мамандары үшін енгізілді.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.