ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ЖАСАЛҒАН ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ

0

28 маусым — Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аудан көлемінде биылғы жылы ерекше аталып өтілуімен есте қалды. Қордайдың ақпарат саласында аянбай еңбек етіп жүрген жандарға облыс көлемінен бастап құрмет көрсетіліп, марапаттар ұсынылды. Барлығын жекелей баян етсек.

Мерекеге орай Тараз қаласында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен салтанатты шара өтіп, онда бірқатар сала майталмандарына құрмет көрсетілген болатын. Солардың қатарында газетіміздің өкілдері де болды. Мәселен, осы күні облыстық және аудандық ақпарат саласының ардагері Құрманбек Әлімжанға «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы табыс етілді. Сонымен қатар «Қордай шамшырағы» газетінің дизайнері РОЗА НҰРСЕЙІТОВА облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болса, газетіміздің бас бухгалтері ГАУХАР ЖҰМАБАЕВА облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ал, Қордай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында болған басқосуда аудандық бұқаралық ақпарат құралдары ардагерлері мен қызметкерлеріне ілтипат көрсетілді. Аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай жиынды аша отырып, аудан басшысы Бегзат Болатбековтің құттықтауын жеткізіп, бүгінгі таңда журналистер қауымы өзіне жүктеліп отырған зор міндетті абыроймен атқарып келе жатқанын сөз етсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, Қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков тынымсыз жұмыста тындырымды тірлігімен көзге түсіп жүрген бұқаралық ақпарат қызметкерлерін мерекемен құттықтап, ақ батасын берді. Жиын барысында аудан журналистикасы ардагерлері сөз алып, алғыстарын жеткізді.

Соңында аудан әкімі атынан құттықтаулар мен бағалы сыйлықтар «Қордай шамшырағы – Кордайский маяк» аудандық қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары ЖАНДОС ОМАРОВҚА, газеттің есепші-кассирі ДИЛЯРА ХАСАНОВАҒА, видеооператор БЕКЖАН ӘЛДИБЕККЕ, АЙБЕК НӘКЕНГЕ, НҰРАЛИ ИЛЕЕВКЕ, газет ардагерлері САҒЫНЫШ МЕДЕТБЕКОВАҒА, ЛЮДМИЛА ДОСЕМБЕКОВАҒА және бірқатар ауылдық округ аппараттарындағы бұқаралық ақпарат құралдарына жауапты мамандарға табыс етілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.