Жақында ғана жаңғыртудан өтіп, ауыл тұрғындарына арналған жайлы тынығу орнына айналған Емен саябағы бүгінде күтімсіз күйге ұшырап отыр. Бұл — өкінішке қарай, тұрғындар тарапынан қоғамдық мүлікке деген салғырт көзқарастың салдары.
Саябақ ішіндегі балалар ойын алаңында орналасқан әткеншектер мен сырғанақтар, спорттық құрал-жабдықтардың бірқатары сынған, кейбірі пайдалануға жарамсыз. Бұл тек сыртқы көріністі ғана бұзып қоймай, балалардың қауіпсіздігіне де елеулі қатер төндіреді.
Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолы бола тұра, кейбір азаматтар газонмен жүріп, көгалдарды таптап тастаған. Нәтижесінде, саябақтың жалпы келбеті бұзылып, абаттандырылған жасыл аумақтың көркі жоғалуда.
Саябақ аумағында қоқыс жәшіктері орнатылғанына қарамастан, қоқысты кез келген жерге тастау фактілері де жиі кездесуде. Мұндай әрекеттер тазалық нормаларына сай келмейді әрі саябақтағы санитарлық жағдайды күрделендіреді.
Мұның бәрі — ортақ мүддеге деген жауапсыздықтың көрінісі.
Саябақ — баршамыздың ортақ игілігіміз. Оны сақтау мен қорғау әр тұрғынның азаматтық борышы болуы тиіс.
Тұрғындарды қоғамдық орынға жанашырлықпен қарап, келешек ұрпаққа үлгі болуға шақырамыз.
Қоғамдық орынға деген қарым-қатынас — адамның мәдениеті мен тәртібінің айнасы екенін ұмытпайық!