Көктемгі әскерге шақырудың соңғы командасы Ұлттық ұланның әскери бөліміне қызмет етуге аттанды. Атап кетсек, ағымдағы жылдың 1 наурызы мен 30 маусымы аралығында ауданымыздан 183 адам Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылды.
Әскерге шақырылушылар денсаулығына байланысты, олардың физикалық және моральдық-іскерлік қасиеттерін, сондай-ақ әскерге шақырылғанға дейін алған мамандықтарын ескере отырып таңдалды.
Қордай аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі, әскери қызметке шақыру бөлімше бастығы Медет Амиржанның берген мәліметінше, ағымдағы жылдың көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы бойынша: ҰҚК Шекара қызметіне 29, ҚР Қарулы күштері қатарына 96, Ұлттық ұланға 57, мемлекеттік күзет қызметіне 1 азамат жіберілген.
«Армияда белгіленген мерзімде қызмет еткен әскери қызметшілер жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырусыз тегін түсе алады», — дейді бөлімше бастығы, капитан Медет Дарханұлы.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 15 тамызынан бастап жергілікті аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімдері 2025 жылдың күзінде мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын әскерге шақырылушыларды алдын ала зерделеуге кіріседі.
Зерделеу әскерге шақырылушының өзімен, оның ата-анасымен, сондай-ақ әскерге шақырылушы жұмыс істейтін кәсіпорын әкімшілігінің өкілдерімен жеке әңгімелесу арқылы жүзеге асырылады. Жеке әңгімелесу барысында адамгершілік және іскерлік қасиеттері, денсаулық жағдайы, дене шынықтыру деңгейі, жалпы білімі мен арнайы даярлық, әскерге шақырылушының отбасылық жағдайы туралы мәліметтер нақтыланады.