Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Инвестициялық ахуалды және бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту үшін үнемі жұмыс істеу маңызды» – деп атап өткен болатын.
Президент тапсырмасын іске асыру аясында Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға ірі кәсіпорындардан инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықты тұрақты жұмыспен қамту, салық түсімдерін арттыру және қосымша кіріс көздерін қалыптастыру бағытында маңызды міндеттер жүктелген.
Осы мақсатта Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков бастаған делегация Қытай Халық Республикасына іссапармен барып, «Xinjiang Hualing» компаниясының өкілдерімен екіжақты келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, өндіріс саласына жаңа технологияларды енгізу және бірлескен кәсіпорындар ашу мәселелері талқыланды.
Іссапар нәтижесі бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екендерін білдіріп, бірлескен жобаларды іске асырудың нақты жолдарын қарастырды. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға оң ықпал етпек.