Қордай ауданына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров келді. Халық қалаулысы аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов және «AMANAT» партиясы Қордай аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозовпен бірге нысандарды аралады.
Іссапар аясында Мұқаш Зұлқарнайұлы алдымен Қарасу ауылында орналасқан «KORCEM» ЖШС цемент зауытының жұмысымен танысты. Тәулігіне 3500 тонна клинкер цемент өндіру қуатына ие бұл зауыт өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып, аудан экономикасына айтарлықтай үлес қосуда. Кәсіпорын бүгінде жүздеген адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.
Айта кетейік, зауытта әлемдік стандарттарға сай алдыңғы қатарлы технологиялар мен заманауи техникалық жабдықтар пайдаланылған. Өндіріс үдерісін DCS интеллектуалды басқару жүйесі реттеп отыр. Сонымен қатар, қоршаған ортаға келетін зиянды азайту үшін жоғары деңгейдегі фильтрация және шаң ұстау жүйелері іске қосылған.
«KORCEM» ЖШС өнімдері Жамбыл, Алматы облыстары мен Алматы және Бішкек қалаларындағы құрылыс нарығын қамтуға бағытталған. Зауыт жұмысын аралау кезінде депутат еңбек қауіпсіздігіне қатысты бірнеше ескерту жасап, бұл мәселені ерекше назарда ұстау қажеттігін атап өтті.
Осыдан кейін Мұқаш Ескендіров бастаған жұмыс тобы Сортөбе ауылындағы «Taraz Eko Fish» ЖШС-нің қызметімен танысты. Бұл кәсіпорын форель балығын өсірумен және оны консервілеумен айналысады. Серіктестік жылына 67 тонна өнім өндіруге қауқарлы.
Мұнда балық аулаудың заманауи әдісі енгізілген. Өндіріс басшылығы депутатқа жаңа құрал-жабдықтарды көрсетіп, олардың мүмкіндіктері туралы кеңінен таныстырды.
Қордай жеріндегі екі бірдей өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен танысқан халық қалаулысы жергілікті кәсіпорындардың дамуына оң бағасын беріп, осындай жобалар халықты жұмыспен қамтып, ел экономикасына серпін беретінін атап өтті. Сонымен қатар, өндіріс саласындағы барлық қауіпсіздік пен еңбек шарттарының заң талаптарына сай болуын да еске салды.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ